№29 Т.Ізтілеуов атындағы орта мектеп және аталған мектепті 2004 жылы бітірген түлектердің 20 жылдығына орай Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылы, Қ. Бүрлібаев атындағы мәдениет үйінде «Тұрмағамбет оқулары» байқауы ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «…Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз. Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет» – деген болатын.

Сыр сүлейлерінің шоқтығы биік тұлғаларының бірі, назым сөздің шебері, атақты ақын, аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының мол мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттау, оқушыларды сөз өнеріне, шешендікке тәрбиелеу мен қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөздік қорын, Тұрмағамбет шығармашылығын насихаттау арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген жас ұрпақтың ықыласын арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқаудың ашылу салтанаты Тұрмағамбет ақынның мұражайынан басталып, мектеп оқушыларынан құралған домбырашылардың жыр сәлемімен жалғасты. 

Байқау қатысушыларына Қазақстан Республикасының Білім беру саласының көшбасшысы, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Білім беру ісінің  майталманы» медалінің иегері, ардагер-ұстаз  Зарипа Тасымова сәттілік тілеп, ұйымдастырушылардың ақын шығармашылығына құрметін ерекше бағалады.

«Тұрмағамбет оқуы» байқауына жырау Әділхан Қуаңбаев,  Қармақшы аудандық кітапханалар жүйесінің Тұрмағамбет ауылдық кітапханасының меңгерушісі Құндызай Далдабаева және  № 29 Т.Ізтілеуов атындағы орта мектептің Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сәуле Көзбергенова әділқазылық жасады. 

Байқауға қатысушы талапкерлер Тұрмағамбет ақынның шығармаларын (өлең, мысал, дастан) өз мүмкіндігіне қарай мәнерлеп жатқа оқыды. Талапкер өзі оқитын шығармалар тізімін ұсынып, ұсынған тізім бойынша қазылар алқасы шығарманың кез келген жерінен сұрап, дарынды қатысушыларды анықтады.

«Тұрмағамбет оқуы» байқауын Тұрмағамбет ақынның немересі Нөсер ағамыз қорытындылап, батасын берді.

Байқау нәтижесінде бас жүлдені иеленген Айгерім Сырлыбай ұйымдастырушылар тарапынан  жазғы тынығу  лагеріне жолдама жеңіп алды.

І орын Мархабатова Бақыт,​​​​​​​ ІІ орын Шахназ Бұхарбаева, ІІ орын Фатима Мархабатова, ІІІ орын Гүлжауһар Оңалбай, ІІІ орын Айдана Ұланбек, ІІІ орын Әлиял Ерболқызына диплом, ақшалай сыйлық  берілсе, басқа қатысушыларға Алғыс хат пен ынталандыру сыйлығы ретінде ақынның кітаптары берілді.

​Өз кезегінде көрермендер мен қатысушылар алдағы уақытта да ауылда  «Тұрмағамбет оқуы» байқауы облыстық, республикалық деңгейде өткізілсе деген ұсыныстарын білдірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!