БАҚ-тың өмірде атқаратын қызметі мен алатын орны бөлек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19 маусым күні «Масс медиа» туралы Заңға қол қойып, «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енді. Бұл заң аясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қарқынды жұмыс істеп, заман көшінде ілгері қызмет көрсете алады деп күтілуде. Мерейлі мереке аясында ақпарат айдынында қалам тербеп, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола білген БАҚ өкілдеріне арналған «Қанатты қалам – 2024» салтанатты іс-шарасы өтті.

– Қазіргідей ақпарат тасқыны алапат дәуірде шынайы да нақты ақпарат тарату мақсатынан жаңылмаған билік пен бұқараның арасында алтын көпір болу миссиясын бұлжытпай орындап жүрген қаламгерлер мен сала мамандарын құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кеше ғана ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуінде: «Журналист – мәртебелі мамандық. Ол ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз» деп ерекше атап өтті. Өздеріңізге белгілі жақында Мемлекет басшысы «Масс-медиа туралы» Заңға қол қойды. Аталған Заңда журналистер үшін қосымша құқықтар, кепілдіктер белгіленген журналистің ерекше мәртебесі деген ұғым енгізілді. Журналист мәртебесінің ерекше қорғалуы, оның сенімділігіне, шығармашылық өркендеуіне ықпал етері сөзсіз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Өңір басшысы жыл соңында арнайы бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне арналған «Жебе» сыйлығын табыстайтынын тілге тиек етті. Үздік мақалалар мен сюжеттерге, ақпараттық материалдар үшін тағайындалатын жүлде 7 номинация бойынша табысталады. Ал сыйақы қоры – 1 млн теңгені құрайды.

Іс-шарада жыл бойына ерен еңбегімен көзге түсіп, ақпарат алаңындағы үздік қызметі үшін 65-тен астам БАҚ өкілі марапатталып, Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожаева «Құрмет» орденімен, «Qyzylorda» телеарнасының бас инженері Бақытжан Шүкенов, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Одан бөлек, Сыр елінің бірқатар БАҚ өкілі түрлі аталым бойынша алғыс хаттар мен сый-сияпатқа ие болды.

Бүгінде аймақ медиакеңістігінде 149 бұқаралық ақпарат құралы қызмет етеді. Оның ішінде 120-сы баспа БАҚ, 26 интернет-сайт пен ақпараттық агенттік және 2 телеарна бар. Олардың 137-і облыстық, 2-еуі қалалық, 10-ы аудандық деңгейде халықты жаңа ақпаратпен қамтамасыз етіп, медиа саласының деңгейін көтеру үшін елеулі қызмет атқарып отыр.

– Өздеріңіз білетіндей, ақпарат ағыны тоқтаусыз ағып жатқан қазіргі қоғамда ашық әрі шынайы жаңалықты халыққа дер кезінде жеткізу маңызды. Бұл ретте телеарналар, басылымдар мен интернет сайттар сапалы жұмыс істеп, әлеуметтік желілерде ерекше контент қалыптастыру арқылы медиа саласының серпінді дамуына ықпал ететіні анық. Өз кезегінде осы салада аянбай еңбек етіп, барлық күш-қабілетін жұмсайтын журналистер қауымының еңбегі ерекше екенін атап өтеміз. Кейінгі уақытта озық тәжірибелерді пайдалана отырып, оның ішінде жасанды интеллектті қолданып, халыққа қызықты ақпараттар тарату ерекше қарқын алып келе жатқан қуанышты жаңалықтың бірі, – дейді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов.

Сыр журналистикасы 1 ғасырға жуық уақыт бұрын өзінің діңгегін қалыптастырып, бүгінде айрықша жетістіктер көгінен көріне бастады. Мәселен, 95 жылдық тарихы бар «Сыр бойы» облыстық басылымы өткен жылы «Үркер» сыйлығын иеленіп, еліміздегі «Ең үздік өңірлік басылым» аталымын алған болатын. Одан бөлек, Тәуелсіздік алған жылдардан бастап көзі қарақты көрерменді көгілдір экран күшімен қуанта білген «Qyzylorda» телеарнасы «Тұмар» сыйлығын иеленді.

«Ақмешіт жастары» республикалық газеті де құрметтен кенде қалмады. Тілшіміз Нұршат Нышанова «Жас журналист» аталымы бойынша облыс әкімінің марапатын алды. Газет бас редакторының орынбасары Айдана Жұмадинова Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязовтың алғыс хатымен мадақталды. Одан бөлек, газет сайтына жауапты маман Аружан Оралбайға Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Сәдуақасова мен қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы А.Шамшатованың құттықтау хаты табысталды. Сондай-ақ Аружан Оралбай Қазақстан Республикасының Журналистер одағының мүшесі атанды.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!