Біз үлкендерден «жастар өмірді бағаламайды, өмірдің қадірін білмейді, бәрі дайынға үйренген…» т.б. сөздерді жиі естиміз. Осы өмір дегеніміз не? Өмірің бекер өтпеуі үшін не істеу керек? Міне, осы сауалдар үлкен өмірдің табалдырығында тұрған мені көптен бері толғандырып жүр. Әркімнің ой-санасы, дүниетанымы жеке дара болғандықтан, өмір жайлы сан-қилы пікірлердің болуы заңдылық шығар. Соның ішінде, өз замандастарымның, жақын достарымның осы сауалдар туралы не ойлайтыны да қызықтырды. Бірі өмірді басына қонған бақ деп санаса, ал екіншісі адам баласына берілген үлкен сынаққа балады. Келесісі өмірді шектелген уақытқа теңеп, сол аралықта айналаңа жақсылық жасап үлгеру керегін айтады. Басым көпшілігі дүние есігін ашқанда пешенеңе жазылған тағдырың сенің өмірің деп біледі.
Расымен де, өмір – тал бесік пен жер бесік арасындағы қамшының сабындай ғана қысқа, бір сәтте зу етіп өте шығатын бағалы әрі қымбат уақыт. Осы уақытқа әрбір пенде өз әмірін жүрізеді. Дегенмен, өз өмірім, өз еркімде деп тым шектен шығып, пайдасыз, зиянды әрекеттерге барудың қажеті жоқ екенін білмейтін адам жоқ шығар. Ал, шындығында, қоршаған ортаңа қуаныш сыйлау арқылы көздеген мақсатыңа жетіп, өз бақытыңды табуың ғажап деп білемін.
Өмірді үлкен теңіз десек, теңізде адам атаулы өз кемесін қателеспей табуға тиіс. Сол арқылы алдынан қандай кедергі шыққанына қарамастан, тайсалмай өз айлағына жетуі шарт. Ал, қиыншылықтарды жеңе алмағандар теңіздің терең тұңғиығына батып кете барады.
Біз өмірдің алғашқы баспалдақтарының бірінің алдында тұрмыз. Білім атты сынақ талай жастарды морт сындыратын, арманына барар жолында кедергі болатын мәселеге айналғанына да көп болды. Сынақтан ойдағыдай өте алмағандар өз өміріне қол салып, не болмаса терең күйзеліске түсіп, бір сәтте баз кешетіні жасырын емес. Тіпті он бір жыл жақсы оқып, қорқыныштан білгенін ұмытып қалатындар да бар.
Иә, байқап қарасақ, бұл сынақтың маңыздылығы зор болғанмен, өмірмен теңестіруге болмайды. Марк Твеннің «Адам өмірінде маңызды екі күн бар: бірі – дүниеге келген күнің болса, екіншісі – не үшін келгеніңді түсінген күн» деген сөзінің жаны бар. Айдың артынан күн шығып, түн күнге ұласатынындай сәтсіздік мәңгілік емес екенін есімізде ұстайық, достар!

Үміт БАЙТАСОВА,
№15 мектеп-лицейдің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!