Атақты мұрат етпеген аңыз адамдар қаншама. Сырдың сандуғашы, халқының еркесі, қазақ ән өнерінің жұлдызы, әнші Роза Бағланованың өмірі өзгелер үшін өнегеге толы үлгі болса, өнері әлі күнге дейін өлмей келеді. Шын талантқа берілген уақыт пен тарихтың бағасы шығар. Республика көлемінде әншінің 100 жылдық мерейтойы атап өтілуде.

Осы орайда аңыз тұлғаның жалғыз ұлы Тәженнің жары, келіні Марал Бағлановамен әншінің өмірі мен әдемі естеліктері жайлы әңгіме құрған едік.

– Марал, қайырлы күн! Роза Бағлановаға қалай келін болдыңыз?

– Мен Меркінің қарапайым ғана қызымын. Қарапайым отбасыда өсіп, тәрбиеленгенмін. Өзім бес жаста, інім тоғыз айлық кезінде анамыздан айырылып қалдық. Мені әкемнің анасы, әжем тәрбиеледі. Кейіннен оқуға тапсырып, Алматыдағы педагогикалық ущиличені бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтадым. Әрі қарай ҚазҰҚызПУ-ға сырттай оқуға түстім. Оқимын, өз еңбегіммен ақша табамын деп жүрген кезіміз. Сол жылдары жақын құрбымның әпкесі Роза Тәжібайқызының костюмершесы болып жұмыс істейтін еді. Бір күні ол Роза апайдың үйіне хабарласып, бір жағдайды ескертуімді сұрады. Қоңырау шалғанымда тұтқаны оның ұлы Тәжен көтерді. Сол сәттен бастап таныс-біліс болып кеттік. Ұзақ уақыт бойы сөйлесіп жүрдік.

Бір күні бізді Роза Тәжібайқызы үйіне түскі асқа шақырды. Апамыз үлкен үстелге дастархан жайыпты. Мен үстелдің бір басында, ол екінші басында отырдық. Байқасам, сыпайы түрде мені сұрақтың астына алып отыр. «Қайда жұмыс істейсің? Жасың нешеде? Қай жақтансың? Немен айналысасың?» деп бәрін сұрады. Сол күнгі кездесуден кейін ол ұлына қайта-қайта мен туралы қайта-қайта айтыпты. «Оған ұсыныс жасадың ба? Неге әлі жүрсің? Оны жіберіп алсаң, сені кешірмеймін» дейтін көрінеді. Оны түсінуге де болады. Апам ол кезде сексенге келіп, 30 жастағы ұлының отбасылы болғанын, ұрпақ жалғастырғанын көргісі келеді. Сонда мен жиырмадамын. Біраз сөйлесіп жүріп, 26 қыркүйек күні алғаш рет кездескеніміз есімде. Ал 29 қыркүйек менің туған күнім еді. Тәжен арнайы келіп, гүл сыйлап кеткені бар. Осылайша жарты жылдай сөйлесіп жүріп, апамыз асықтырған соң, отбасы құрдық. Мен енді ғана 21-ге толған қызбын. Жалпы мен үшін арты тойға, отбасы құруға ұласқан сол кездегі оқиғалар, кездесулер тағдырдың сыйы сияқты. Күтпеген жерден өмірімде бәрі өзгеріп кетті. Маған әсер еткені, ерекше ұнағаны – Тәженнің қарапайымдылығы, өзін ұстай білуі. Баршылықта өскен, қаланың баласы, не ішем, не жеймін деп көрмеген атақты әншінің жалғыз ұлы бола тұра өзінің қарапайым болмысын сақтап қалғаны жүрегімді жаулап алды. Өркөкіректікті ұнатпаймын. Жанымдағы адамдарды да осы қасиетіне қарап, жақын көремін.

– Өзіңіз де Сырдың қасиетті топырағынан тамыр жайған екенсіз…

– Иә, көбісі білмеуі мүмкін. Меркіде тұрақтап қалсақ та, ата-әжем, арғы тегім Сыр өңірінен шыққан. Атам Аралдың тумасы болса, әжем Қазалының қызы. Кіші жүзден тарадық. Балалық шаққа көз жүгіртсем, Меркідегі үйімізге Арал, Қазалыдан үнемі қонақтар келіп жататыны ойға оралады. Есімнен кетпейтіні – қауынқақ пен «Қазалы» кәмпитінің дәмі. Үйге келгеннің бәрі талқан, сөк, құрт алып келеді. Баламын ғой, тәттіден басқа ештеңе керек емес. Осылайша қауынқақ пен кәмпиттің дәмі әбден аузымда қалған. Қазір де Қазалыға, Қызылордаға келген сайын «Қазалы» кәмпитінен бірнеше қалта етіп алып кетемін.

Тойымыз біткеннен кейін жақын танысып, арғы тегімізді білісе келе апам «Келінім өзімнің топырағымнан екен. Құдалар жерлестерім ғой» деп әбден қуанды. Сол кезде көз жасына ерік беріп, айналып келіп өз жерінен қыз алғанына мақтанып тұрғанын жасырмады. Сұрастыра келе өз әжемнің апаммен Қазалыда, бір мектепте оқығанын білдім. Әжем апамыздан 4 сынып төмен оқыған екен. «Роза оқушы кезінен-ақ ән айтып, елді аузына қаратушы еді. Оған қарап таңқалатынбыз. «Әртіс Роза» деп атап кеттік» дейді әжем.

– Апамыз қандай адам еді?

– 21 жасымда келін боп түсіп, апаммен бірге 11 жыл тұрдық. Апам бір ғасыр өмір сүрген адам ғой. Жаны да, тәні де таза кісі еді. Тіпті, ауырып қиналып жатқан кезінде де өзін таза ұстайтын, тазалықты сүйетін. Ешкімге жамандық ойламайтын. Адамдарды бір қарағаннан-ақ сканерден өткізгендей кімнің кім екенін, жақсы мен жаманды тани алатын. Апам екеуміз бірден тіл табысып кеттік дей алмаймын. Келе салып керемет болдым десем, өтірік болар. Әр адамның өзінше мінезі болады. «Бақ бергенше, сана бер» деген сөз бар. Осы сөзді ұран еттім. Өйткені баршылық та, байлық та кез келген сәтте жоқ болуы мүмкін. Ал адамда сана болса, бәрін де қайтаруға болады.

Роза Бағланованың мінезі темірдей еді. Менің де өжеттігім бар. Алғашқы төрт жыл үйренісе алмай жүрдік. Қанша жыл бойы екеуі ғана өмір сүріп келген анасы мен ұлының өмірі мен келген соң түбегейлі өзгеріп кетті. Кейін балаларым дүниеге келді. Үйде балалардың күлкісі естілгенде анамыздың бақытында шек болмады.

– Естеліктер ескірмейді дейсіз ғой…

– Әрине, апам туралы айтылар әңгіме, бірге кешкен ерекше сәттер, оқиғалар да көп. Өткен аптада орталық алаңда ескерткіштің ашылуы кезінде туған жері Қазалыдан ата-әжелер келді. Олардың жүрекжарды тілектерін, күзде ауылда дүркіретіп тойлаймыз дегендерін естіп, дайындықтарынан хабардар болғанда, қатты толқыдым. Сол жерде өзіме уәде бердім. Не болса да, осы шаралардан кейін үйге барып, жоспар құруым керек. Апам жайлы естеліктерді жазып, біраз жыл бұрын қолға алған кітапты күзге дейін аяқтауға тиіспін. Күзде туған жерінде қарияларға тұсауын кестірсем деп жоспарлап отырмын. Ата-әжелерді көргенде сондай ой келді. Апам қайтыс болған кезде отбасылық, ана мен келін арасындағы естен кетпес естеліктерді жазып бастаған едім. Қайтқанына қырық күн болмастан жазып жүрдім. Қайтыс болған адамның рухы қырық күн ішінде үйінен кетпей, аралап жүреді деп жатады ғой. Оның бөлмесінде отырып, ойларымды теремін. Сонда апамның демі сезілгендей, өзі қасымда жүргендей болды. Жолдасыма айтсам, мен сенен қорқамын дейді. Біразға дейін апам жайлы жиі түс көріп жүрдім.

Апам төсек тартып, біраз ауырды. Бірге кешкен он бір жылымыздың соңғы 4 жылында денсаулығы сыр берді. Ауруға өте шыдамды адам еді. Сонысына таңданып қарайтынмын. Бірақ артынан ойласам, соғысты, ашаршылықты, талай нәубетті көрген адамның ауруға оңайлықпен мойын бұрмауы заңды секілді. Шын мәнінде алғашқы жылдары апамның өлімін қабылдау қиын болды. Бөлмесіне кіргім келмейді, жолда, көліктерде радиодан оның дауысы естілсе, жылап жіберетінмін. Отбасымыз үшін сондай қиын кез болды. Немерелері де оның бөлмесіне кіргісі келмейтін. Бәрі апамызды еске түсіреді. Сөрелерден, қолданған заттарынан өзіне ғана жарасатын әдемі әтірінің иісі шығып тұратын. Апам қайтқан соң ол үйде тұра алмадық, кейін отбасымызбен Астанаға көшіп кеттік.

– Сұқбатыңыз үшін рақмет!

Әңгімелескен Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!