Тәуелсіздік алып, тех­нология мен ақпаратқа қол­жетімділік артқан сайын өткеніміз өзгеше жаңғырып, бүгінгі буын үшін тарихымыз таныла түсті. Әсіресе, ұлттың рухани азаттығы жолында барын беріп, түрмеде отырып-ақ ұрпағының сауатты, саналы болуы үшін тірескен алаштықтардың ерен еңбегі күнделікті тұрмыста жиі айтылып, принт пен қабырға суреттеріне бейнеленуі арқылы елене бастады. Мәселен, жақында Қызылорда облысындағы жедел тамақтану орнының қасбетінде Алаш арыстарының портреті бейнеленгені туралы жаңалық көпшіліктің көңіліне қуаныш сыйлағаны жасырын емес.
Айта кетейік, аталған кәсіпкерлік нысаны Шиелі ауданының орталығында орналасқан. Көз сүйсінерлік көріністі алғашқы болып журналист Ержан Қожас әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Қасбеттен Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлының бейнесін көруге болады. Бұл кәсіпті жергілікті жас кәсіпкерлер Дінмұхаммед Дәуренбеков пен Ержан Ақбергенов бастаған екен. Екі дос 2016 жылдан бері бизнеске бет бұрған. Соның ішінде фаст-фуд саудасының да көркін қыздырған. Ал мұндай орындарға жастар жиі бас сұғатыны анық. Суреттің авторы – қызылордалық жас суретші Дәулетбек Тойшыбаев. Алаштық ата-бабаларымыздың сұлбасын дәл суреттеп, жансыз бейнеге жан бітірген дарынның шығармашылығын тамақтануға келген жұрттың лайықты пікірі мен ілтипатынан аңғаруға болады.
«Шиелінің орталығында орналасқан тамақтанатын орын бәріміздің сүйікті жеріміз. Тамақтары дәмді, сервисі жақсы. Ал жақында Алаш арыстарының бейнесі қабырғалардың көркін ашқанын көріп, тіптен қуанып кеттік. Кез келген ғимараттың дизайны, ондағы қосымша суреттер мен жазулар – маркетингтің басты құралы. Алаш арыстарын көрсету арқылы жастардың тарихымызға, ата-бабамыздың маңдай теріне деген құрметін арттыруға болады деп ойлаймын. Ұлттық нақыш, қазақша дүние десе, бұрын кез келген жерге оюды жабыстырып шыға келетін еді. Ал қазір тарих пен танымға сүйеніп, басқаша көзқараспен қарайтын болдық. Біздің тарихты жасаған кімдер? Алаштықтар. Сондықтан тарихымызда ұялатын ештеңеміз жоқ екенін, бабаларымыздың кім екенін білу – міндет. Маркетинг пен өткеніміздің бірге жаңғырып жатқанына ризамын», – дейді шиелілік ұстаз Аружан Маратқызы.
Соңғы жылдары алаштықтардың бейнесі брендке айналғанын атап өттік. Оған дәлел – ата-бабаларымыздың тұлғасы мен бет-бейнесі көрініс тапқан киімдер мен заттардың, қабырға суреттерінің, аталған дүниелерге халық сұранысының артуы. Әрине, алдағы уақытта да брендтегі дүниелерге тапсырыс пен сұраныс көбеймесе, азаймасы анық. Өткен жылы алматылық жас жігіт Алаш арыстары бейнеленген теңгенің нұсқасын әлеуметтік желіге жариялаған болатын. Елдігіміз үшін күрескен қайраткерлердің бейнесіндегі теңге анағұрлым мағыналы әрі тартымды көрінеді.
Мәселен, 500 теңгеде бүкіл Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен Сұлтанбек Қожанұлы бейнеленген. Ал, 1000 теңгеде алашордалық Міржақып Дулатұлы, 2000 теңгеде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, 5000 теңгеде Мұстафа Шоқай, 10 000 теңгеде Кенесары хан, 20 000 теңгеден Алаш қозғалысының негізін қалаушы Әлихан Бөкейханды көруге болады.
Идея иесі – алматылық Диас пен Әйгерім есімді жас жұбайлар. Олар әлеуметтік желідегі парақшаларында еліміздің тарихы мен салт-дәстүріне қатысты қызықты жобаларды бөлісіп отырады.
Жас жұбайлар Түркияға барған сапарында теңгемізге неге алашордалықтарды бейнелемеске деген ой келген. Өйткені Стамбұлда таксиге ақша төлегенде олардың 200 лирінде Мұстафа Кемаль Ататүрік бейнеленгенін көрген және бұл кім деген сұраққа такси жүргізушісі мүлдірместен жауап берген. Оның үстіне ақшада бейнеленген адамды ел тұрғындарының бәрі жақсы біледі.
«Таксист бізден ұлттық теңгемізді сұрады, өкінішке қарай қолымызда теңге болмады. Оның үстіне теңгемізде абстрактылы суреттер бейнеленген. Иә, дизайны өте әдемі, бірақ ешқандай мағынасы жоқ. Егер ақшамызда қоғам қайраткерлері бейнеленгенде мен ондағы адамдар, олардың мемлекетке сіңірген еңбегі жайлы баяндап берер едім. Сайып келгенде банкноттар еліміздің тарихы мен ұлы тұлғаларымызды таныстырушы ғой. Бұрын 100 теңгеде Абылай хан, 200 теңгеде әл-Фараби бейнеленгенін білемін, осылайша теңгеге ұлы адамдарды бейнелесем деген идея келді», – дейді Диас.
Демек Алаш арыстарының бейнесін ұрпақ санасында жаңғарту – баршамызға ортақ парыз.


Дина Бөкебай

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!