Бала­лардың көбінен «Өскенде кім болғың келеді?» деп сұрай қалсаңыз, көбі дәрігер болуды армандайтыны белгілі. Себебі бұл мамандық адам өміріне араша екені қоғам санасына сіңген.

Алайда есейе келе аталған саланың жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары екенін тағы да сезіне түсетініміз жасырын емес. Өзге мамандықтар секілді төрт жылда түгесілмейтін, біршама уақыт тер төгуге тура келер мамандықтың салмағы зор. Шыдам мен еңбекті серік еткен жан ғана бұл биікті бағындыра алмақ. Бүгінгі кейіпкерлеріміз –осы қиындықты еңсеріп, саланың үздігіне айналған азаматтар. Олар – облыстық психикалық денсаулық орталығының жас мамандары Батыржан Сайымбетов пен Абзал Сырлыбаев.


Алдымен сөзді жаңадан қызметке кірісіп, денсаулық саласына алғаш қадам жасаған Батыржан Сайымбетовтен бастайық. Ол емдеу мекемесінің дәрігерлермен тәжірибе алмасып, практикалық білімін арттыруда.
– Дәрігер болу – бала кезгі арманым. Оны жүзеге асырмай тынбайтынымды білдім. Көп іздендім, еңбектендім. Дәрігерлер де көмегін аямады. Оқытты, тәжірибе жүзінде көрсетті. Алдағы уақытта жиған тәжірибені іске асырып, науқастарға септігімді тигізетін боламын. Мәселен, қарым-қатынас жасау, тіл табысу әдебін игеру жөн. Себебі кез келген дәрігер алдына келген науқасты жылы сөзбен демеу арқылы өмірге деген көзқарасын өзгертіп, аурумен күресуге септігін тигізетіні анық. Сондықтан қарым-қатынас үлкен рөл ойнайды, – дейді жас маман.
Батыржан Сайымбетов – М. Ос­па­­нов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина универси­тетінің түлегі. Дәрігер-психиатр бала кезінен медицина саласында еңбек етіп, науқастарды дертінен емдеуді мақсат еткен. Бүгінде осы бағытта жұмыс істеп келе жатыр.
– Қазір орталықтың №1 «Ерлер» бөлімшесінде еңбек етемін. Мұнда шизофрения, ақыл-есі кем, эпилепсия секілді дертке шалдыққан азаматтар ем алады. Күнделікті жұмыс барысында тәжірибесі мол әріптестеріммен иық тіресе қызмет жасаймын. Үйренетіміз көп, бастысы, мамандығыма деген сүйіспеншілігім зор. Басты мақсат – халыққа сапалы медициналық көмек беру, психикалық дертке шалдыққан жандарды емдеу. Бос уақытымды білімімді арттыруға арнаймын. Бізге ұдайы ізденіс қажет, – дейді жас дәрігер.
Медицина саласына қадам басқан келесі кейіпкеріміз – Абзал Бекенұлы.

Бүгінде жас дәрігер емдеу мекемесіне қарасты №2 және 5 бөлімшеде дәрігер-психиатр болып еңбек етеді.
– Кішкентайымнан ақ халат киген дәрігерлерді көргенде олардың жұмысына қызығып қарайтынмын. Сәл сырқаттанып қалсам дәрігердің берген кеңесінің барлығын орындадым. Дәрі ішіп, укол салдыруды мұқият қадағалайтынмын. Ержеткен соң дәрігер болу өмірлік мақсатым екенін ұға түстім.
Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік жолды таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ұстаздарым аталған жауапкершілікті толық сезіндірді. Адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайға дайын болу, қаннан қорықпау, адам тағдырына немқұрайлы қарамауды үйретті. Салада жүйкесі мықты адам ғана өнімді жұмыс істей алатынын сездім. Қаншама тәжірибеден өтіп, ақыл-кеңесті есте сақтау арқылы маңызды жұмысқа кірісуге мүмкіндік туды. Қазір де әріптестерім қолдау білдіріп, үйретуде, – дейді ол.
Абзал Бекенұлы да М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде білім алған. Бүгінде жас маман орталықтың білікті қызметкерлерімен иық тіресе жұмыс жасап, саланың дамуына үлес қосуда. Жары да медицина саласында еңбек етеді.
– Дәрігер болу – үлкен жауапкершілікті сезіну деген сөз. Медицина саласын таңдаған адам өмір бойы білім алуға, жалықпай тәжірибе жинақтауға дайын болу керек. Кәсіби біліктілік уақытпен келеді. Бүгінде орталықтың мықты мамандарымен жұмыс жасап жүрмін. Әріптестер білгенін үйретуден жалықпайды. Ең бастысы – халыққа адал қызмет жасау, – дейді дәрігер.
Бүгінгінің батырлары дәрігер екенін жоққа шығара алмаймыз. Себебі бас ауырып, балтыр сыздаса, дәрігердің көмегіне жүгінетініміз анық. Мамандардың ақыл-кеңесі арқылы аяққа тұруға мүмкіндік аламыз. Сондықтан мәртебелі мамандық иелерінің әрбір қадамы денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қоспақ.


Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!