Мемлекет үшін жастардың маңызы зор. Сол үшін де билік басындағылар жастар саясатын жарасымды жүргізудің жолын әуелден қарастырған еді. Қайткенмен де, қолдау мен қуаттаудың жөні бір бөлек. Кеудеден итеріп яки жолдан ығыстырғанша, қоғам ішінде белсенділігін арттырудың көзін тапқан ақылға қонымды. Әрбір жасты дамудың дүбірлі қосынына ілестіру – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі. Асылында, жастар да жанына жалау болған жанашырлық пен көрсетілген қамқорлықтан соң ұлты үшін ұлы істерге баратыны ақиқат. Өңірімізде жас буынның жағдайын реттеп, толық қамтамасыз етуде атқарылған жұмыстар жетерлік. Жан-жақты қолдау көрсетіп, кәсіптің көзін тапқандарға қайтарымсыз грант беріп, жеңілдетілген несиеден де несібесін тапқандар бар.

Бүгінде облыс көлемінде жастармен жұмысты «Жастар ресурстық орталығы» үйлестіруде. Жұмыссыздықты жойып, тірлік пен табыс арнасын тоғыстыруда тоқталмақ емес.
Биыл жастардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау үшін 2,5% пайызбен жеңілдетілген несие беру басталып, несиелендіруді жүзеге асыру үшін облысымызда 257 адамға 1,3 млрд теңге бөлінді. Бұған дейін 11 жастың өтінімі қолдау тауып, кәсібін жалғастырса, тағы 36 жастың жобасы қаралды. Сондай-ақ, облыс бойынша 21 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді, онда 303 адам жұмысқа жолданды, оның 89 пайызы жастардың үлесінде. Жергілікті 70-ке жуық жұмыс беруші мекемеден 1023 бос вакансия, 19-21 аралығында Солтүстік өңірлердің жұмыс берушілерінің қатысуымен облыс орталығында және аудандарда оңтүстіктен солтүстік өңірлерге ынталандыру және жұмыссыздарды тұрақты жұмыспен қамту бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне 3 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды, – деді облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Талғат Тілес.
Сырдария ауданында да еңбек жасағының жұмысы жанданып келеді. Сондықтан болар, әлдекім еңбекке келгенде есептесіп жатқан жоқ. Керісінше, екі қолға бір күрек тапқанына қуанышты.
Сырдария ауданында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен 2019 жылы – жастар жылы аясында жастардың еңбек бригадалары құрылып, өз жұмысын бастады. Аудан әкімінің қолдауымен ауданға қарасты 1 кент пен 13 ауылдық округ болса, оның 7 ауылдық округінен жастар бригадалары қайта құрылды. Бригада қатарында жұмыссыз, NЕЕТ санатындағы және пробация есебінде тұратын жастар жұмыс жасауда. Осы уақытта егін науқаны басталуда. Осыған байланысты жастар бригадаларына 150-ге тарта жасты тарту көзделген. Мұнан соң Шіркейлі ауылдық округінде құрылыс материалдарын шығаратын «Шіркейлі» жастар бригадалары жұмыс істейді. Құрамында ауылдың жұмыссыз 30 жасы бар. Олар цемент, әк және т.б құрылысқа қажетті заттарды шығарады, – деді Сырдария аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Нұрман Абдрасилов.

Замира ДАСТАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!