Үлкен өзгерістер кішкентай қадамнан басталады. Жыл басынан бері  Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының жастары артис, режиссер ретінде тың дүние ұсынып, басқа бағыттағы спектакльдердің қойылуы әдемі үрдіске айналды.

Жақында театр артисі Санат Жүзбай «Шыны керек» психологиялық драмасын сахналады. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын драма театр артисі мамандығы бойынша тамамдаған өнерпаз 2018 жылы Эдинбург қаласында өткен «Фриндж» халықаралық өнер фестивалінде Қозы Көрпеш рөлін сомдап, еуропа халқының ыстық ықыласына бөленді. Одан бөлек ол Қызылорда қаласының жастарына арналған «Самғау» жастар сыйлығының иегері. Бірде Қозы Көрпеш, бірде Қазыбек би, енді бірде Мақсат болып талай жүрекпен сахнада тілдескен кейіпкерімізбен жаңа қойылым, режиссура жайында сұқбат­тастық.

– Санат, жақында қырғыз авторының туындысын «Шыны керек» психологиялық драмасы ретінде сахнаға дайындап шығардыңыз. Неге бұл шығарманы таңдадыңыз? Жас артистердің режиссер ретінде өзін сынап көруі – ерекше идея. Бізде бұл үрдіс қашан басталды?

– Бұл идея басшылық тараптан туындады. Негізінен жастар арасында осындай тың дүниелер жасап көрсек, жаңа бағыттарда экспериментке барсақ деген ой болған. Кейін басшылықпен келісе отырып, идеядан идея туды. Жоспар бойынша театрдың ішінен құралған лабораториялық жастар труппасы, яғни жастар театрының ресми тұсаукесері 13 мамыр күні өтті. Көрсетілген қойылымдардағы шығармашылық топ тек қана жастардан құралып, жаңа дүниелер ұсынылды. Қанат Арқабаевтың «Кім?» атты психологиялық триллері, «ҰБТ кілті» атты драма, сосын «Шыны керек» психологиялық драмасы қойылды. Режиссер ретінде өзімді сынап көру үшін «Шыны керек» шығармасын таңдаған себебім – жаңадан қосылған жастарға мүмкіндік беру. Әрі көрермен мені режиссер ретінде дәл осы шығарма арқылы, дәл осы актерлық құрам арқылы тануы мен үшін қуантарлық жағдай. Алғашқы режиссерлік жобам болғандықтан, артистермен біріге жұмыс істеудің көмегі болды. Күндіз-түні, уақытты шектемей осы қойылым бойынша жұмыс жасадық.

Айта кету керек, 2019 жылы сол кезеңдегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қолдау көрсетіп, театрдағы 5-6 жасты Мәскеу қаласына оқуға жіберген еді. Сонда ресейлік көрерменнің деңгейі биік екенін байқадық. Неге десеңіз, ол жақта 250-ден аса театр үздіксіз жұмыс істеуде. Әр театр­дың өзіндік көрер­мені бар. Ол өз алдына, сонымен бірге көрер­меннің таңдау жасауы­на мүмкін­дік көп, талға­мына қарай қай бағыт­тағы қойы­лым­ды көргісі келсе де, таба алады. Сондықтан біз эксперимент жасау арқылы көрерменді тәрбиелеуіміз керек. Әлеуметтік желі, пікірлер арқылы біздің көрермен де жаңа бағыттағы қойылымдарды сұрайтын. Жаңа бағытта ізденіс жасауға оның да әсері болған шығар. Өйткені көрермен қай кезде де өзінің таңдауын жасауға құқылы.

– Психологиялық драма театрда көп ұсыныла бермейтін жанр. Көрермен мұны қаншалықты қабылдай алды?

– Бізде психологиялық драма көп сахналан­байтыны рас. Жаңа бағыттағы басқаша дүниені қабылдай алғанын көрерменнің пікірлерінен байқадым. Әрі олар осындай тың дүние, ізденістің болғанына қуанды. Себебі бұл облыс үшін жаңалық десек болады.

Көрерменім нақты мынадай адамдар деп айта алмаймын. Бірақ көбісі – жастар мен орта жастағы азаматтар. Әлеуметтік желіде, спектакльден шыққан кезде көп пікір, ұсыныс айтатын да осы топтағы адамдар. Шыны керек, театр көрерменінің деңгейі жылдан жылға өсіп келеді. Уақыт жылжып, жеке салалар дамыған сайын театр да алға басуда. Қазақ театрының деңгейі жоғарылап келеді. Ізденіс арқылы жан-жақты­лық анық көрінеді.

– «Көп адамдар 25 жасын­да-ақ өліп қалады. Бірақ оларды 75 жасында жерлейді» дейді Франклин. Адамды тірі ететін арман, мақсат, алға ұмтылыс екенін айтса керек. Арманыңыз қандай?

– Адамның табиғаты арманшыл келеді. Адамда арман көп, бірақ жетер мақсат санаулы, нақты болу керек. Егер біреу алдына мақсат қойса, соған әрекет етеді, ұмтылады. Ал арман қиялдан туады. Демек көп нәрсені армандай беруге болады. Бірақ мақсатты бірнеше рет қою мүмкін емес. Бір мақсат қойып, соған қол жеткізсеңіз, бұл жетістік. Менде де арман көп. Бірақ театрдағы мамандығым бойынша алға қойған мақсатым – маңдай термен жасап жатқан әр жұмысым, сахнадағы әр рөлім көрерменнің жүрегіне жетіп, санасын сілкіп өтсе деймін. Бұл менің ғана емес, барлық артистердің мақсаты.

– Өзіміздің театрда, гастрольдік сапарларда қаншама рөл сомдап жүрсіз. Жаныңызға жақыны қайсы?

– Сахнаға алып шыққан әр рөл мен үшін ерекше ыстық. Бізде театрда мынадай қағида бар: «Әрбір сомда­ған рөл – дүниеге әкелген балаң­дай болуы шарт». Сондық­тан әр рөлді, тіпті, шағын эпизод болса да, жай ғана ойнамай, өмір сүруге тырысамын. Кішкентай рөл болмайды – кішкентай артис болады. Біз үшін барлық рөл бірдей. Ешқайсысын бөліп-жарғым келмейді.

– Алыс-жақын шетелге, фестивальдерге өзіміздің қойылымдарды апару артық­шылы­ғымызды аңғартып, кемшілі­гімізді көрсететін шығар. Фестивальдің ықпалы қандай?

– Басты мақсаты – артистерді тәжірибе жүзінде өсіру, дамыту. Фестивальге қатысқан сайын үлкен мотивация, ерекше рух алып, жігерленіп қайтамыз. Өз басым елге ерекше күш алып келемін. Әрбір фестиваль – өсудің, дамудың бір сатысы. Сондықтан фестиваль сынды ірі жобалардан қалыс қалмау керек. Бұйыртса, алдағы 6-12 маусым аралығында Татарстан мемлекеті Қазан қаласында театрлардың Халықаралық форум-фестивалі өтеді. Сол жақтан әртістік шеберлік, режиссура бойынша тәжірибе алмасып қайтамыз. Кішкентайларға арналған облыстық қуыршақ театры да қатыспақ. Мұндай халықаралық дәрежедегі шараларға қатысу біз үшін ерекше құрмет әрі шығармашылыққа жаңа тыныс сыйлайды.

– Жалпы қазақ театрларында орыс тілінен аударылған қойылымдар көп-ақ. Қазақ авторларының туындылары сахнаға келмей ме?

– Орыс тілінен аударылған қойылымдар көп дейсіз ғой. Бірақ олай санамау керек. Себебі орыс тілінен аударылған туындылардың көбі әлемдік классикалар. Сондықтан аударма тілін бөліп-жаруға қарсымын. Театрда қазақ драматургиясы бір төбе, орыс тілінен аударылған әлемдік классикаға айналған шығармалар бір төбе. Қазақ театрында аударма арқылы келген туындылар өз көрерменін тауып үлгерді. «Бір түп алма ағашы», «Тендерге түскен келіншек», «Сыған серенадасының» қазақ сахнасында өзіндік орны бар. Соңғы кезде тапсырыспен қойылатын спектакльдер көбейіп кетті. Қазақша шығармалардың азаюына осы нәрсе әсер етіп жүрген болар. Әйтпесе сахнада тіл мен ұлт жоқ. Адамзатқа ортақ өнер бар.

– Әдемі әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан

Дина БӨКЕБАЙ