фото: baq.kz коллажы

Күнделікті өмірде қызметкер мен жұмыс берушінің арасында түрлі жағдай болып жатады. Кейде жағдай дауға ұласып, қызметкердің ескертусіз, негізсіз жұмыстан қуылып жататыны да кездесіп жатады. Мұндай жағдайда екі тарап қалай әрекет етуі керек? Жұмыс беруші мен қызметкердің нақты қандай құқықтары көрсетілген? BAQ.KZ тілшісі бұл мәселені кәсіби заң кеңесшісі, “Астана Юрист” компаниясының аға серіктесі Арыс Данагатовтан сұрап білді. 

Көбі біле бермейтін жайттар…

Ең алдымен заңгер Қазақстандағы Еңбек кодексі бойынша қызметкер аптасына 40 сағат қана жұмыс істеуі керегін атап өтті. 

Яғни күніне 8 сағат. Егер қызметкер нормадан тыс жұмыс істесе әр сағат үшін қосымша 1,5 мөлшерлеме бойынша ақы төленуі керек. Сонымен қатар, егер қызметкер демалыс күндері жұмысқа шықса да қосымша 1,5 мөлшерлеме бойынша төленуі қажет. Бірақ жұмыс беруші қызметкерді демалыс күндері не мереке күндері шақырса, жұмыскер таңдау жасай алады: не артық күн жұмыс істегені үшін демалыс алады, не қосымша ақы талап етуге құқығы бар, – дейді заңгер. 

Одан бөлек, Арыс Данагатовтың сөзінше, зиян өндірісте немесе экологиялық қолайсыз аймақтарда да жалақыға қосымша ақы төленуі керек. 

Егер жұмыс беруші жалақыны кешіктірген жағдайда өсімпұл деген түсінік бар. Әр күн үшін 0,06 пайыз қосымша ақша талап етуге болады. Сонымен қатар, егер жұмыс қауіпті болса қызметкер ол жұмыстан бас тартуға құқығы бар, – деп түсіндірді ол.

Жұмыс берушінің құқығы 

Еңбек кодексінде көбіне қызметкердің құқығы қорғалады. Бірақ жұмыс беруші қызметкерді бастапқы сынақ мерзімі кезінде жұмыстан шығарып жібере алады. 

Одан бөлек, егер жұмысқа алған жағдайда қызметкердің басқа ұйымдарды жұмыс істеуіне тыйым салуы мүмкін. Сонымен қатар, егер қызметкер іссапарға барған кезде арнайы чек көрсетпесе, оның шығындарын төлемеуге құқығы бар. Кейінгі жаңашылдық бойынша, егер компанияның өндірістік қуаты азайса, жалақыны азайтуға құқылы, – дейді Арыс Данагатов.

Қызметкер еңбек шартында неге мән беруі керек? 

Заңгердің айтуынша, ең бастысы шарттың басы, яғни шарттың мәніне назар аудару керек. Қызметкер лауазымына, жалақысына, зейнетақы жинағына қанша түсетініне, қай күні жалақы берілетініне назар аудару керек. 

Заң бойынша жалақы әр айдың 10-ына дейін түсуі керек. Бірақ жұмыс берушілер 15-не дейін түсіруі мүмкін.  Сонымен қатар, бәсекелестік туралы шартқа, толық материалдық жауапкершілік туралы шартқа назар аудару керек. Егер қызметкер еңбек шартына қол қойса, компанияда зақымдалған кез келген мүлік үшін жауапты болуы мүмкін. Одан бөлек, жалақыдан ұсталынатын айыппұлдар туралы айтылуы мүмкін, – дейді заңгер. 

Еңбек шартының мерзіміне де көңіл бөлу керек.  Сондай-ақ еңбек шартында қызметкердің жұмыс орны туралы да ақпарат болады. 

Яғни ол жерде қызметкер қай мекен-жайда жұмысын атқаратыны туралы ақпарат болады. Егер қызметкер еңбек шарты бойынша бір жерде, ал жұмысқа басқа жерге жіберсе, бұл заңбұзушылық болып саналады. 

Қызметкер қандай жағдайда арнайы баппен жұмыстан қуылады?

Арыс Данагатовтың сөзінше, еңбек кодексі бойынша, қызметкерді арнайы баппен келесі себептер бойынша жұмыстан қуады: ол себепсіз жұмысқа келмеу, жұмысқа мас немесе есірткі қабылдап келу, қызметкер коммерциялық құпияны жария етсе, ұрлық істесе, еңбек тәртібін өрескел бұзса, лауазымына сәйкес келмейтін жағдайда. 

Бірақ жұмыстан шығарар кезде жұмыс беруші рәсімді сақтауға міндетті: бірінші түсіндірме хат жазылуы керек, одан кейін бұйрық шығарып, мерзімдерін дұрыс есептеуі керек. Егер бұл рәсімдер сақталмаса, жұмыстан шығаруды заңсыз деп тануға болады. 

Жұмыстан кейінгі жұмыс…

Заңгердің сөзінше, жұмыс уақытынан тыс жұмыс тек қызметкердің жазбаша келісімімен жасалуы тиіс. 

Бірақ қосымша жұмыс тәулігіне екі сағаттан аспауы керек. 8 сағат жұмыс істесе, қосымша жұмыс 10 сағаттан аспауы керек. Ал жылына 120 сағаттан аспауы тиіс. Жоғарыда атап өткенімдей, егер қосымша жұмыс істелсе, жалақыға 1,5 мөлшер ретінде төленуі керек немесе қызметкер таңдау жасап, қосымша жұмыс істегені үшін басқа күнді демалыс ретінде таңдай алады, – деп түсіндірді маман. 

Ал егер еңбек шарты бойынша қызметкер тек бес күн жұмыс істейді деп жазылып, сенбі күні тұрақты түрде қосымша жарты күн жұмыс істесе, ол заңбұзушылық болып саналады. 

Жұмыста қысым көрсетілсе… 

Қызметкерге қысым көрсетілген жағдайда дәлел ретінде жазбаша түрде тіркеп отыру керек. Хабарлама болса скриншот жасау қажет.

Куәгерлерді жинау қажет. Егер жұмыс беруші заңсыз нәрсе істесе бірден жазбаша түрде шағымдану керек. Оның бәрін тіркеу керек. Қысым расымен жасалған соң дәлелдердің бәрін жинап Еңбек инспекциясына арыз жазу керек. Ол 15 күн ішінде қаралып, жұмыс берушінің кінәсі дәлелденсе, айыппұл салынады. Егер одан нәтиже болмаса, сотқа арыз-талап жазу керек, – дейді Арыс Данагатов. 

Жұмыс орнында жас, ұлт, дін белгілері бойынша кемсіту болса, сотқа моральдық өтемақы талап ету керек. 

Жұмыстан қызметкердің өз еркімен шығуға арыз жазуға мәжбүрлеуі де заңсыз әрекет. Мұндай жағдайда сотқа жүгінуге болады. Сот арқылы жұмысқа қайтадан кіріп, моральдық өтемақы алуға болады. 

Алдын ала ескертілмей, жұмыстан қуылса… 

Жұмыс беруші егер қызметкерді жұмыстан шығаратын болса бір ай бұрын ескертуі керек. 

Егер қызметкер ескертусіз жұмыстан шығарылса, 1 ай орташа жалақы төленуін талап ете алады. Ал егер жұмыстан негізсіз шығарылса қызметкер компанияны сотқа бере алады. Сот шамамен алты ай өтсе, сол 6 ай уақытта мәжбүрлі түрде бос жүргені үшін де ақша өндіруге болады. 

Өз құқығын қорғауға тырысатын халық көп пе? 

Заңгердің сөзінше, оған күніне 50-60 адам кеңес алуға хабарласады. Оның шамамен 10 пайызы еңбек шарты бойынша хабарласады екен. 

Көп адам өз құқығын білмей, «қоя салшы» деп жүре береді. Мен олардың даулары бойынша кеңес берген соң адамдар ойланып, істі соңына дейін жеткізгісі келмейді. Себебі заңгерге де төлегісі келмейді, құқығын да қорғағысы келмей жатады. Мұндай жағдайлар көп. 

Бірақ құқығын қорғағысы келетін қызметкерлер де бар, олар сотқа дейін жетіп жатады. Менің заңгер ретінде мақсатым – адамдар өз құқығын қорғай білсе екен деймін, сол үшін тегін кеңес беремін. Себебі көптеген проблема халықтың өз құқығын білмеуі салдарынан болып жатады. Сондықтан әр адам өз құқығын нақты біліп, қорғау білуі керек. Халық заңгерлерден қолдау күтеді, сол үшін кеңесті мейлінше тегін беруге шақырамын, – деп түйіндеді заңгер. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда орташа жалақыны есептеу ережелері өзгереді. Нақты не өзгеретінін талдап көрген едік. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!