Екі ғасырдан астам тарихы бар Қызылор­да қаласының күні облыс көлемінде ата­лып өтуде. Осы орайда Ә.Тәжібаев атында­ғы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасын­да 23 қыркүйек күні «Кitap Time» жалпы республикалық кітап фестивалі ұйымдасты­рылды.
Шараның басты мақсаты – жастар мен жасөспірімдер, жалпы тұрғындар арасында кітаптың құндылығын насихаттау, кітап пен оқуға деген қызығушылықты қолдау, қоғамның ин­теллектуалды әлеуе­ті мен мәдени құндылықтарын арттыру, кітап оқуға тарту, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арт­тыру, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту.
Ауқымды мақсатты арқау еткен іс-шараны облыстық кітапхананың басшысы Мыңжас Нұрлыбек ашып, мерекеге орай арнайы құттықтау сөз сөйледі. Өңірімізге белгілі ақын Д. Торғаева жас оқырмандарға өзінің жүрекжарды тілегін айтып, жас өренге арналған өлеңдерін оқыды. Фестивальге қатысушылар кітапхананың ауласында әртүрлі тақырыпқа сай безендірілген алаңдардағы қы­зық­қа толы бағдарламаларды тамашалады. Кон­церттік бағдарлама аяқталғаннан соң кішкентай оқыр­мандар кітапхана ауласында Ғ.Әбділдә, Д.Тор­ғаева есімді ақындардың, А.Нұразғали, Д.Мәделханқызы сынды қалам ұстаған жастардың шы­ғармашылығымен танысып, әңгіме-жыр тыңда­ды.
Кітап фестиваліне зиялы қауым өкілдері, жастар, кітапхана оқырмандары, жоғары оқу орындары және колледж студенттері, мектеп оқушылары, жалпы қала тұрғындары белсене қатысты.

Дина БӨКЕБАЙ