Кейіпкеріміз Ақмарал Айдуллақызы − студент.  Үш жыл бойы сабақтан тыс уақытта қаламыздағы мейрамханалардың бірінде даяшы болып еңбек етеді. Күнделікті табыс тауып, өзіне қажетті қаражатын тауып жүр. Оқу үлгерімім де жақсы дейді, − даяшы қыз.

Даяшы болу тиянақтылықты, тазалықты, адамдармен дұрыс қарым қатынаста болуды талап етеді. Қоғамдық қызмет көрсету орны болғандықтан түрлі мінездегі адамдар келеді. Даяшы болу бір қарағанда оңай жұмыс сияқты. Жұмыс беруші даяшының сырт келбетіне, мінез-құлқына қатты мән береді.  Қонақтарды қалай қарсы алу керек, ішкі тәртіп ережелермен таныстырады. Қонақтар сан алуан. Бірі орынды нәрсені талап етсе, енді бірі жөнсіз мін іздеуі мүмкін. Бәрін де сабырмен қабылдауға тырысамын. «Тұтынушынікі әркез дұрыс» деген қағидамен үйретеді. Дегенмен өз ісімізді жауапты атқарсақ болғаны. Қыз балаға қонақ күту қиынға соқпайды. Үйде де келген қонақтың алдына барлық дәмдіні тосып, қонақжайлық танытамыз. Өзің еңбек етіп тапқан ақшаны ретсіз жаратпайсың. Тізім жасап, үнемдеп жаратамын. Өзімнің қажеттіліктерімді толық өтейді. Ақылы негізде оқитындықтан ата-анама салмақ салмаймын. Даяшы болып істеп жүргеніме қысылмаймын. Қанша қиын болса да мейрамханада өткізген уақытым үшін еш өкінбеймін, пайдалы болды. Жаңа нәрсені танып білдім, адамдармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгердім. Аздап ас дайындауды үйрендім. Сыпайылық танытып, қонаққа мән беру керек. Даяшы қонақтың мінез-құлқын аз уақытта қалай танып үлгеретіні мен үшін жұмбақ еді. Үйрендім. Мінезіңіз дұрыс болса, бұл іс – сіздікі.

Бану ҮСЕНҚЫЗЫ