Кіші Аралға өткен жылдағыдан мол су түскенін естідік. Кейінгі жылдары жағалаудан 500-700 метрге дейін алыстаған теңіз жағасындағы елге бұл көп күткен қуаныш болып тұр. Иә, елдегі жігіттер балық аулайды. Әсіресе теңіз маңына жақын Қаратерең, Жаңақұрылыс, Бөген, Қарашалаң, Аманөткел, Қамбаш ауылдары. Қыр жақтан Ақбасты мен Ақеспедегі ағайын да мұны ұмытпады. Кәсіп қылып, пұл тауып жүр.

Біздегі дария мен теңізге түсіріп жүрген қайықтың көбін ауыл жігіттері соғып келді. Қолы ұзындары ресейлік «Про­гресс» темір қайығын алып мінді. Қос қолмен ескек ескеннен гөрі моторлы әрі жылдам қозғалатынын есепке алатын.

Осыдан бірнеше жыл бұрын аралдық кәсіпкер Жансерік Нысанбаевтың қайық істей бастағанын естідік. Пластикалық өнімнен арнайы қалыпқа құйып шығарыпты. Металл қайықтай емес, жүзгенде қауіпсіз. Төңкерілсе де суға батпайды. Айтпақшы, Жансерік өз кәсібін алғашында жиһаз құрастырып бастаған еді. Ал әзірге облыста оның қайық өндірісіне бәсекелес жоқ.

– Әу баста құрылыс саласына қатты қызықтым. Кейін жоғары оқу орнында жүріп, Ақтөбе қаласында түрлі жұмыстың басын шалдық. Бір жағынан, ата-анаға салмақ салғым келмеді. Оқу ақысын өзім табам деген ниетпен қаладағы жиһаз сататын дүкенге жұмысқа орналастым. Жиһаз құрастыра жүріп, қолым әбден машықтанды. Негізінде атам Сенбі, өз әкем Темірбай да ағаш пен темірден түйін түйген ұста болған. Содан болар, бұл өнерді үйрену қиындық тудырмады. Ақыры, ойлана келе 2009 жылы бар қаражатымды жиып, станок сатып алдым. Арал қаласынан жалға ғимарат алып, өзімізше жиһаз цехын аштық. Нәтиже жаман болған жоқ, өнімдеріміз елге ұнады. Жеке тұрғындардан бөлек, мекемелер де тапсырыс бере бастады,–  дейді кәсіпкер.

2012 жылы Жансерік өз күшімен бос жерге ғимарат салып, цехты үлкейтеді. Екі жылдан соң «Даму» қоры» арқылы «Халық банкінен» төмен пайызбен несие алып, жаңа әрі соңғы үлгідегі құрал-жабдықтарын түгендейді.

– Негізінен кәсіпкер жергілікті жерге нағыз керек затты есепке алу керек. Өзім «аралдықтардың басты тіршілігі не?» деген сұрақпен бас қатырдым. Әрине, біздің ел туралы айтсақ, алдымен еске түсетіні – балық пен тұз. Расымен, кейінгі жылдары аудан көлемінде балық аулау кәсібі жанданды. Теңізден бөлек, өзен мен көлден ауланған балықты өзіміздегі зауытта өңдеп, экспортқа шығарып жүрміз. Ал енді балықшыға суға түсіп аулау үшін қайық керек емес пе? Мұны біздің жігіттер ағаштан соғып алады немесе сырттан сатып әкеледі. Ойлана келе осы керекті дүниені өзімізден шығаруға бел будық, –  дейді ол.

Жансерік қайықтың технологиясын интернет арқылы үйренген. Алғашқы істеген жұмысы сәтсіз болғанмен тыңғылықты зерттеудің арқасында жобасы сәтті шыққан.

Қайық жасаудың шебері интернет арқылы бірнеше қалып үлгілерін қолдан істеп, сынақтан әбден өткізген. Әзірге ол қайықтың үш түрін шығаруда. «Прогресс-4», «Тримаран-410», «Касатка-520». Барлығы да шыныталшықты шайырдан, яғни, пластик өнімдерден құйылады. Керекті шикізатын Еуропадан алдырады. Төзімділігі темір мен алюминийден екі есе артық әрі тот баспайды, шірімейді. Сондай-ақ кәсіпкер тапсырыспен 4-5 метрлік құс қайықты да істей береді. Айына 5-6 қайық дайындалады.

– Бұл жоба 2016 жылы басталды. Талай сынақ пен ұйқысыз түндерді бастан кешірсек те, ең алғаш істеген қайықтың қуанышы әлі есімде. Қазір цехта тәжірибелі, өз ісіне жетік 8 адам жұмыс істейді. Барлығы осы елдің азаматы. Айлығы да тұрақты. Ғимараттың тарлығына байланысты қосымша цехты үлкейтпекпіз. Алдағы уақытта айына 10 қайыққа дейін шығару жоспарда бар. Сондай-ақ биыл құрылыс материалдарын шығаратын цехты іске қоспақпын. Ол цехтың жұмысына қажетті құрылғыларға тапсырыс та беріп қойдым. Бүгінде кәсіп ашам десең, жобаң мықты болса, мемлекеттен қолдау көп. Қайық пен жиһаз өндірісінен бөлек, енді Аралдан құрылысқа қажетті өнім шығатын күн алыс емес, – дейді аралдық кәсіпкер.

Әдепкіде Жансеріктің қайықтары Каспий теңізі, Балқаш пен Алакөлде жүзді. Ал жергілікті балықшылар былтырдан бері қызығушылық танытып келеді. Тапсырысты да жиілеткен. Өйткені бағасы қолжетімді. Ең қызығы, цехтағы жігіттер әр қайыққа иесінің атын әсемдеп жазып, қалауынша бояп береді. Айтпақшы, наурыз айында Шымкентте әр өңірдің өнімдері бойынша көрме өткен еді. Жергілікті өнімнің ішінде Аралдан шығатын қайыққа қызыққандар көп болған деседі. Иә, өзен мен теңізге керек өнім өзімізден болса, неге қуанбасқа?

Айта кетейік, бүгінде Арал ауданында 6062 шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар мен қаржы институттары арқылы барлығы 398,5 млн теңгеге 49 жоба несиелендірілген. Бұдан бөлек, 449 млн теңгеден астам қаражатқа 48 жоба іске аспақ. Ал «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасымен 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз гранты 30 адамға берілген.

Бекмырза ЖАЛҒАС

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!