Елордадан жағымды жаңалық келіп жетті. Дамуға ынталы жастар орталықтарының үздіктері анықталды. Жеңімпаздар қатарында сапалы қызмет көрсетіп, жастардың алға жылжуына үлес қосқан қызылордалық «Qosyl» да бар. Жерлестерімізге күміс жүлде бұйырды. Бұл қала жастарының белсенділігін байқатады.

Расында қалалық «Qosyl» жастар орталығының күміс сапаға лайықты жұмысы жетерлік. Мысалы, биыл қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығын кәсіптік техникалық бағыттарда қызмет ететін мамандарға беру ұсынылып, жаңа саланың көшбасшыларын анықтау өзгешеленді. Сонымен қатар алдағы уақытта жас электриктер мен жас автомеханиктер байқауын өткізу жоспарда.
Трендте тұрған мобилография мамандығының қоғамда маңызы жоғары. Биыл «Qosyl-дың» бастамасымен смартфон арқылы бейнеге жан бітіретін жастардың фестивалі өтіп, ол жеткіншек саланың дамуына серпін сыйлады. Фестивальге танымал мобилограф Қыран Талапбек қатысып, 300-ге жуық жасқа тегін дәріс берді.
– Қызылордада республикалық фестиваль өткізу туралы ой жиі келетін. Себебі, кез келген салада міндетті түрде бір мықты қызылордалықты көруге болады. Мысалы, біздің командада Дубайды фэшн бейнелері арқылы бағындырған Әбу бар. Қызылордада ұйымдастырылған фестиваль әрі байқау ретінде өтіп, 70-тен аса қатысушыдан 100-ден аса бейне келді. Үздік шыққан үштікті анықтадық. Фестиваль өткізу туралы ұсыныс айтып, шараны басынан аяғына дейін ұйымдастырған «Qosyl» қалалық жастар орталығының жұмысы мені әрдайым қуантады, – деп Қыран орталықтың ерекше форматына тоқталған еді.
Шынында бір фестиваль арқылы қаланың әдемі бейнелер базасы жаңарды, кәсіпкерлер жас мобилографтармен танысып, оларға вакансия ұсынды.
Қыранның «Qosyl-ды» ерекше форматта жұмыс істейді деп бағалауы бекер емес. Өйткені «Qosyl»-дың тұрақты жобаларына айналған «Qosyl acoustic» шығармашыл жастардың ән кеші, «Qoldau» волонтерлер тобының жұмыстары күміс сапаны алуға септігін тигізіп тұр. Енді сапа белгісін иемденген «Qosyl» «Ұлттық жастар орталықтарының лигасы» құрамына кіріп, өзгелерге үлгі болмақ.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!