Алты алаштың намысын қорғап, тебіренткен, рухты әндерімен талайдың бойын шымырлатқан Алатау серілерін еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін тыңдайды. Серілер Алматы қалалық мәдениет басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театрының өнерпаздарынан құралған. 2018 жылы дебют жасап, қазақ музыкасына жаңа серпін әкелді. БАӘ, Ресей, Түркия секілді алпауыт елдердің аренасында, халықаралық фестивальде өнер көрсетіп жүр. Олар қазақтың халық әндерін жаңғыртып, өзгеше стильде шырқаумен ерекешеленеді. Осы орайда, ойлы оқырманның назарына аспап пен әуенді үндестіре білген сері жігіттермен әңгімелестік.

Жасұлан Мұсағалиев:

– Қазіргі таңда «Дос-Мұқасан», «МузАрт» секілді шоқтығы биік топтар өте сирек. Себебі топ болып өнер көрсетудің өзіндік машақаты бар. Оған көп адамның жүрегі дауаламайды. Алайда біздің берген серт бекем. «Алатау серілері» – қазақ музыка индустриясындағы ұлттық өнерді, дәстүрлі әндерді заманауи үлгіде дәріптейтін топ. Қазіргі таңда бізді қолдайтын, көзі ашық, көкірегі ояу көрермендеріміз де, кәсіпкер ел ағалары да көп. Әрбір өнер адамы үшін халықтың шынайы қошеметі маңызды, сол себепті бізді ширатып та, шарықтатып та отыратын өнерсүйер қауым барда еңбек етуге құлшыныс зор.

Қуаныш Алтыбаев:

– Топтың құрылуына жаһандық даму кезеңі түрткі болды. Әртүрлі медиа өнімдер сананы жаулап,  ата-бабадан қалған асыл мұра, дәстүрлі қазақ өнерін нақышына келтіре орындайтын өнерпаздың аз болуы ойландырды. Сондықтан әлемдік идеология мен медиа өнімдердің тасасында қалып қоймас үшін бас қосып, ғасырлардан бері келе жатқан ән өнерін, қазақи болмысымызды сақтап қалуды қолға алдық. Әрбір ән мен бейнебаяннан қазақилық пен ұлтқа деген махаббатың ұшқынын байқауға болады.

Ғибрат Қорғанбекұлы:

– Репертуарда халықты патриотизмге үндейтін, ұлтты, тілді сүюді дәріптейтін әндер басым. Топтағы алты жігіт кәсіби білімді, қазақтың аспаптарында ойнай алатын шебер музыканттар. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын, Астанадағы «Шабыт» өнер академиясын тәмамдаған мамандар. Концертте жанды дауыста ән айтқанға не жетсін. Бір-бірімен үндестік тапқан серілер үшін бұл ешқандай қиындық тудырмайды. Әрі қарай да осы бағытты ұстанып, халықтың көңіліне ой салып, ұлт ретінде бүтін қалыптасуымызға, құлдық сана-сезімнен арылуға ән арқылы үлес қосқымыз келеді.

Азат Дулатұлы:

– Дебют жасағалы халықтың ықыласы ыстық. Топ серілері тек ән айтумен ерекшеленбей, сахна мәдениеті, әртістік шеберлік, харизмалық элементтерді көрсете біледі. Өнерсүйер көрермен осы қасиеттерді бағалайды. Қазір еліміздің кез келген қаласында өнер көрсетіп, шетелге де концерт қоюға мүмкіндік алып жатырмыз. Сұраныс бар, яғни әрі қарай өнерді дамыта бермекпіз.

Рауан Ексіл:

– Қазақтың тойы – мереке іспетті. Бұл жерде салт-дәстүр де, қазақи өнер де сабақтасып, өзіндік үйлесім табады. Сол себепті мәнді-мағыналы, рухты ән шырқайтын топтар қазақтың әр тойында болуы тиіс деп есептеймін. Тойда үлкеннің батасын алып, қошеметке бөленіп, қуанышқа да кенелеміз. Сондықтан тобымыз қазақтың той-думанында өнер көрсете алады.

Жасұлан Сақаев:

– Алдағы уақытта осы шоу-бизнес нарығында тыңдарман санын арттыруды көздеп отырмыз. 2024 жылы Астана, Алматы сияқты еліміздің мегополистерінде концерт қою жоспарымызда бар.  Қазақстанның музыка индустрия нарығында шектеліп қалмай, әлемдік аренада өнер көрсетуді мақсатымыз деп санаймыз. Репертуардағы әндерді нақтылап, сапалы туындыны көбейтіп, ізденісті тоқтатпаймыз.

Тобымыз Алматы қаласының қақ төрінде орналасқан «Алатау» дәстүрлі өнер театрынан түлеп ұшқан шәкірттерден құралған. Шығармашыл болғандықтан кез келген өнерден қалыс емеспіз. Театр саласында да көрсеткен жақсы нәтиже бар. Әртістік шеберлікті шыңдап үлгергендіктен киноиндустриядан көріп қалсаңыздар, таңқалуға себеп жоқ.  

P.S:

Әлемдік жаһандану кезеңінде көптеген әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің тасада қалып бара жатқаны рас. Алайда елдігіміздің негізін, тәуелсіздік бен бейбітшіліктің құнын, ата-баба арманын елеусіз қалдырмағанымыз абзал. Сондықтан ұлттық құндылықты ұлықтайтын өнерпаздар көп болсын дейміз.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!