Бүгінде ерекше жандар қоғамда белсенді. Спорт, қолөнер саласында болсын жан-жақты даму үстінде. Содан болар, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында түрлі жоба жүзеге асып, арнайы бағдарламалар басымдыққа ие болып келеді. Олардың қатарында облыстық мүгедектер қоғамы ҚБ-нің төрағасы Сағатбек Қуанышбаевтың басшылығымен жүзеге асқан «Арбамен марафон» акциясы бірқатар жасқа жігер сыйлағанын айта кеткен жөн.

Сондай-ақ облыстық «Сыр жұлдыздары» фестивалі де өнерлі жастардың жұлдызын жақты. Облыстық «Жастар орталығының» ұйымдастыруымен өткен фестивальдің мақсаты – өңіріміздегі ерекше жастардың шығармашылық қабілетін шыңдау, әлеуметтік белсенділігін арттыру және қолдау білдіру. Фестивальде шексіз өнер мен талантты ұштастырған бірқатар ерекше жан сахна төріне шығып, дүйім жұрттың алдында өнер көрсетті.
– Қазір ерекше жандар түрлі салада жетістікке жетіп жүр. Бұл әрбір жанның өмірде орны бар екенін, барлық адам бірдей екенін сезіндіреді. Егер сіз ерекше баланың ата-анасы болсаңыз, баланың болашағы үшін қоғамдық ортаға, мәдени шараларға көптеп алып шығыңыз. Бала сезіну керек, айналасын көру керек. Көбісі үйден шығарғысы келмейді. Ертең ол бала есейгенде үрейленіп қалары анық.
Мен үшін бұл достарым жұлдыз, барлығы өнерлі. «Жастар орталығының» негізгі жұмысы да әр санаттағы жастардың шығармашылығын шыңдауға, дамытуға бағытталған. Міне, ерекше жандарға бір күнді арнап, олардың басын қосып, сахнаға шығуына үлкен мүмкіндік жасалуда. Жарыс бар жерде жеңімпаз бар. Қазылар алқасына үздіктерді таңдау қиынға түсті. Осындай фестивальдың өтуіне атсалысқан ұжымға алғыс білдіремін, – деді Сағатбек Қуанышбайұлы.
Фестиваль барысында ерекше қамқорлық пен қолдауға мұқтаж 20-дан астам өнерпаз вокал, хореография және өлең оқу номинациялары бойынша өнерін көрсетіп, сынға түсті.
– Фестивальдің атауының өзі тегін емес. Өнер көрсететін әрбір ерекше жан жұлдыз болуға әбден лайық, өнерін паш етуге толық мүмкіндігі бар. Балғындардың қабілетін жан-жақты дамытып, бойдағы өнерін қолдауға бағытталған жоба жас таланттардың жарқырай түсуіне үлкен жол ашады, – деді орталық директоры Т.Тілес.
Фестивальде хореграфия, мәнерлеп оқу аталымы бойынша жүлделі I орын А.Туарбекке, II орын М.Құлдүйсеновке бұйырса, III орынды Ұ.Таңсықбай мен А.Сапарбекова бөлісті. Ал вокал аталымы бойынша байқаудың бас жүлдесіне Д.Ешниязова лайықты деп танылды. Оған қоса I орынды Г.Тастыбай иеленсе, II орын ерлі-зайыпты Қ.Дәуренбек пен А.Оразбаеваға бұйырды. Сондай-ақ III орынды Б.Сейфолла иеленсе, «Үздік өнерпаз» номинациясын Қ.Нұржігітов еншіледі. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Әлемге күн жылуы қандай қажет болса, адамға жүрек жылуы сондай керек. Қоғам қашанда адамдық қасиеттерге мұқтаж. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамның әр қадамынан мейірім күтетіні белгілі. Шара тек осындай жандардың талантын ашып қоймай, бір сәт өмірге өзге көзқараспен қарауға үйретеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!