Бұрындары ел ішінде темірден түйін түйіп, көздің жауын алатын бұйымдар жасайтын ұсталар көп болған. Ғылым мен технология қарыштап дамыған бүгінгі заманда тұрмыс қажетін өтейтін заттардың зауыттар мен фабрикаларда шығарылуына байланысты ұсталық өнердің ұмытыла бастағаны рас.

Ұсталық – ұстамдылықты ұнататын өнер. Ұсталық – көнеден үзілмей келе жатқан киелі кәсіп. «Ұсталы ел озар, ұстасыз ел тозар» деген халқымыз темірден түйін түйіп, ағаш жонған ісмерді «темірші», «дарқан», «ұста» деп төбесіне тұтып қадірлеген. Әйгілі Махмұд Қашқари «ағашты ұзын кес, темірді қысқа кес» деп ұсталық нақылды өсиет еткен. Бағзыдан жеткен сақ әшекейлері де, мыңдаған жылдар мызғымай тұрған балбал мүсіндер де – осы ұсталардың көз майының еңбегі. Түркі халықтары темірден түйін түйетін шеберлердің атын атамай «Ұста» деп, жұмыс орнын «дүкен (ұстахана)» деп атаған.
Қазақ жерінде осындай он саусағынан өнер тамған небір ұсталар мен ғажайып ұстаханалардың болғаны белгілі. Соның ішінде Сыр өңірі – ұсталардың ұстаханасы саналады. Оған осы қасиетті өңірден шыққан ұсталар мен олар жасаған керемет бұйымдар дәлел. Сондай ұсталардың бірі, бірі емес, бірегейі – ұсталықты Тәңірден берілген сый ретінде қабылдаған, ХХ ғасырдың І жартысында есімі елге белгілі ұста болған Әжімбет Қарайғыров. Әжімбет ұстаның қолынан шыққан асыл дүниелер Қызылорда облыстық музейі қорында сақтаулы, олар – асадал, адалбақан, сандық, жүкаяқ, күміс зергерлік бұйымдар. 2023 жылғы облыстық музейдің «Археология және этнография» ғылыми зерттеу бөлімінің Арал ауданы, Шөмішкөл ауылына ұйымдастырған «Сыр өңірі бойынша далалық экспедиция және эмпирикалық зерттеулер» этнографиялық-фольклорлық экспедициясы нәтижесінде музей қоры ұста ұстаған қобдимен толықты.
Қай дәуірде болсын қазақ ұсталары жасаған дүниелер өзінің құндылығын ешқашан жоғалтқан емес. Ұста жасаған жауһар дүниелер көздің жауын алып, тамсандырмай қоймайды. Ал, сол жауһарды жасауда пайдаланған құралсаймандарын біле бермейтініміз өкінішті. Қобди – ұста, зергер, етікші т.б. шебер адамдардың құрал-сайманын салып қоюға арналған шағын сандықша. Қобди ағаштан жасалған, ішкі бөлігі үш бөлікке текшеленген, ал үстіңгі бөлігі екі бөліктен тұрады. Оң жақ бөлігінде ашып-жабуға арналған топсалы қақпағы бар. Қақпақтың аузына темірден ілгіш орнатылған. Қақпақ ашылып, ішіне ұста құрал-саймандарын салып қоятын болған. Қобди қоңыр түсті. Қобдиды Әжімбет Қарайғыровтың жиен ұрпағы Әбуәли Қаниұлы музейге үлкен құрметпен тапсырды. Әбуәли Қаниұлының айтуы бойынша қобди қолына анасы арқылы түскен. Анасы дүниеден озған соң, Әбуәли ағайдың өзі осы күнге дейін сақтап келген. Ағашы көнеріп кетпес үшін соңғы жылдары қоңыр сырмен боялғандығын да мәлім етті.
Қобди – ұсақ-түйек салатын кішкене сандықша. Әжімбет ұста қобдиына күнделікті қолданатын тескіш, біз, пышақ, балға, ара, егеу, қайрақ, білеу, қашау тәрізді көлемі шағын құралсаймандарын салып пайдаланған.
Қобди иесі Сыр жұртшылығына ұсташебер ретінде ғана емес, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының мүшесі, қуғын-сүргін құрбаны, суырып салма айтыс ақыны, болыс, елге белгілі азамат ретінде де танымал. Әжімбет Қарайғыров 1888 жылы дүниеге келген, 1937 жылы Сталиндік зұлматтың құрбаны болған, 1953 жылы қайта ақталған.
Ұсталардың көзінің майын тауысып, өзінің қолымен өріп соққан қайталанбас бұйымдары – қалай бүгінде еліміздің алтыннан қымбат тарихи қазынасы саналса, киелі кәсіп иесі – ұсталар пайдаланған құралдар да дәл солай тиісті бағасын алуы қажет. Кезінде шебердің қолынан түспеген сом балға мен қысқаш, көрік пен қалақ, тістеуіш пен шымшуыр және осы құралдар салынған қобдилар қазіргі таңда қат болып тұр. Асыл бұйымға жан бітіретін құрал-саймандар да музей қызметкерлері тарапынан зерттеліп, музей қорына «құнды жәдігер» ретінде алыну жұмыстары жүргізілуде.


Ұлпан ХАЙРУЛЛА,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!