«Нұр-Cұлтанның «қызыл» аймақта екенін ескеріп, демалыс күні – 21 наурыз (жексенбі) – қалада локдаун енгізіледі. Жексенбі күні сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда орталықтары (онда орналасқан дәріханаларды, сонымен бірге тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажет заттарды сататын объектілері қызметін қоспағанда), азық-түлік сатпайтын жабық базарлар, азық-түлік тауарларын сатпайтын объектілер, жабық спорт объектілері, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Қазпошта» АҚ жұмысына тыйым салынады», – делінген ресми хабарламада.

Сонымен бірге жексенбіде қоғамдық көлік жұмысы тоқтайды – дезинфекция жұмысы жүргізіледі.

Сенбі және жексенбі күндері фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, спорттық-сауықтыру объектілерінің, сауналардың, СПА-орталықтардың (Ashyq пилот жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда) жұмысына тыйым салынады.⠀

«Қаладағы эпидемиология ахуалы тұрақсыз. Өткен мерекелер коронавирустың күнделікті көбейгенін көрсетіп отыр. Осыған байланысты 18 наурыздан бастап карантиннің қосымша шектеулері бар қаулы қолданысқа енгізіледі. Наурыз мейрамына орай бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Өсу динамикасына жол бермеу керек. Медицина ұйымдарына және медицина қызметкерлеріне бір мезеттік жүктеме болмас үшін қатаң санитария нормаларын: маска тағып, әлеуметтік арақашықты сақтау керек», – деді Нұр-Cұлтанның бас санитария дәрігері Сархат Бейсенова.

⠀Ол 18 наурыздан бастап жұмыс күндері және демалыс күндері 07.00-ден 22.00-ге дейін қоғамдық тамақтану объектілерінің (мейрамханалар, кафелер, барлар, асханалар) жұмыс уақыты қысқарғанын айтты.⠀

Сонымен қатар 18 наурыздан бастап кинотеатрлар мен кинозалдардың жұмысына тыйым салынады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!