Қазақстандық киноиндустрияның жаңалығы болып үлгерген «Бақыт» көркем фильмі 72-ші Берлин халықаралық кинофестивалінің (Берлинале) «Панорама» секциясында бас жүлде алғаннан бері қоғамның қызу талқысына түсіп, өз-өзіне жарнама жасай бастады. Сценарийін қазақстандық журналист Әсем Жапишева жазса, қоюшы-режиссері – Асқар Ұзабаев. Ал продюсері ретінде Баян Мақсатқызы туындының жарық көруі үшін жан-тәнімен еңбек етті. «Бақыт» неліктен бас жүлдеге лайық деп танылды? Туындының ерекшелігі неде? Неге кей көрермен көруге ұсынбайды? Ал сыншылар әр қазақстандық көруі тиіс деп есептейді? Жаңа фильмнің жаңалығы мен басты тақырыбы жайында сөз етсек.
«Панорама» секциясы – 80-ші жылдары енгізілген киноиндустриядағы маңызды байқаудың бірі. Мұнда қазылар алқасы киноиндустрияның кәсіпқой мамандарынан емес, шынайы көрермендерден құралады. Олар картинаны көруді аяқтағаннан кейін бірден дауыс береді де, нәтиже соған байланысты қорытындыланады. 2022 жылы коронавирусқа байланысты шектеулерге қарамастан, «Панорама» секциясына енген фильмдерді 20 мыңнан астам адам көріп, дауыс берген. Кинофестивальдің аталған секциясына 33 елден барлығы 29 картина қатыстырылған.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасылық құндылық тақырыбын баяндайтын «Бақыт» фильмі көрермендер мен халықаралық БАҚ тарапынан көптеген жылы лебіз жинап, «Берлинале» жүлдесін иемденді. Өйткені кинода қозғалатын үйдегі озбырлық, әйелдерге зорлық көрсету Қазақстанда ғана емес, бүтін әлемде, әр елдің бұрыш-бұрышында да өзектілігін жоймаған мәселе. Продюсердің айтуынша, фильм қазақстандық әйелдің басынан өткен шынайы оқиғаларына негізделіп түсірілген.
Кинокартинада Қазақстанның шағын қаласында өмір сүріп жатқан отбасы туралы, ұзақ жылдарға созылған тұрмыстық зорлық-зомбылық пен «махаббатсыз отбасылық өмір» жайында баяндалады. Күйеуі, әйелі мен олардың бойжеткен қызы – үш негізгі кейіпкер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бар мұңын, ауыртпалығын көрсетеді. Продюсер 2020 жылы аталған фильмді түсіру үшін краудфандинг, яғни, ерікті түрде ақша жинау жобасын жариялаған еді. Баян Алагөзова туындыны түсірмес бұрын сенім білдіріп, аталған мәселеге бейжай қарамай, атсалысқан барша жандарға алғыс айтты.
«Осы хикая арқылы еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды өзгерте алатынымызға сенемін. Мыңдаған әйел бақытты бола түседі, ал айналамыздағы әлем жарық әрі мейірімді болады. Бұл картина үлкен команданың күшімен түсірілді, атсалысқан әр адамға алғыс білдіремін. Алғашқы авторлық кино және оның тұсауы Берлиналеде кесілді. А санатындағы кинофестиваль. Бұл – жетістік. Ал қазақстандықтар біздің туындымызды кинотеатрлардан көре алады», – деді Баян Мақсатқызы.
Айта кетейік, Баян Алагөзова тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын 2016 жылдан бері көтеріп келеді. Сол жылы продюсер экс-күйеуі Бақытбек Есентаевтың соққысына жығылған болатын. Әйеліне пышақ жарақатын салған Есентаев соттың шешімімен 9 жылға сотталған еді. Продюсердің бұл тақырыпта кино түсіруіне өз басынан өткен жағдай мен жақындарынан көрген зорлық-зомбылығы себеп болған. Себебі мұндай жайттар әр отбасыда, айналамыздағы әйелдердің басында орын алуы мүмкін. Тек біздің қоғамдағы әйелдер мұны жасырып келді, әлі де жасырады, «шыдау керек, қайтып бармау керек» деген оймен отбасын сақтап қалу үшін тырысады. Алайда отбасылық құндылықтар қашанда алғашқы орында. Әрі әр отбасының жай-күйі сол үйдегі отанасына тікелей байланысты. Яғни, әйел бақытты болса, бала да, жары да, отбасы түгел бақытты болады. Демек қоғамның барометрі – әйелдердің жай-күйі.
БҰҰ-ның мәліметі бойынша, Қазақстанда жыл сайын 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмады. Елімізде бір айда орта есеппен 120 әйел зорланады, 5232-сі соққыға жығылады, 72 нәзік жанды дене жарақатын алып, 14-і қаза болады, ал 48 әйел өз өзіне қол жұмсайды. Тіпті, түзету мекемелерінде «кісі өлтіру» айыбымен отырған әйел адамның 70%-ы күйеулерін өлтіргені үшін сотталған.
Киносыншы, Өнертану PhD докторы, профессор Гүлзат Көбек: «Фильм іш пыстырмайды. Динамикасы мықты. Драматургиясы көрермендердің ішкі эмоциясын арпалыс күйіне түсіреді. Көрермендердің ішінде «бұл фильм менің намысыма тиді» деп санайтындары болса, демек тура осындай проблема оның жеке өмірінде бар деген сөз. Бұл фильм – автордың жеке трагедиясы. Дүниетанымы. Некелік өмірге деген қарым-қатынасы. Әйел, тұлға ретіндегі қоғамға айтқан жанайқайы. Ішкі бақытсыздығы.
Адамның психикасы күрделі жаратылған. Адамдар кейде бақытсыздығының себебін екінші адамнан көріп жатады. Алайда бейсанадағы бағдарламаны түбегейлі зерттеп шықсаңыз, кез келген трагедияның нақты себептері айқындалады. Тілі ащы әйел таяқ жейді. Ер адам сөзі жетпеген сәтте ғана қол жұмсайды. Ішкі мәдениеті мен өресі төмен болып тұрса, демек отбасындағы тәрбиелік құндылықтарын зерделеп көру керек. Бәрібір, кез келген ер азамат анадан туады емес пе? ХХІ ғасырдағы әйелдердің жүйкесі шаршады. Себебі қоғамда баланы өзі туып, оны өзі асырайтын, жұмыспен отбасыны қатар алып жүру жауапкершілігін көтеретін әйелдер қауымы көбейді. Қоғам да үлкен қысым. Үйінің берекесін ұстап тұра алмаған әйелден қоғамға келер пайда аз. Отбасын асырай алмаған еркектен мемлекетке тиер пайда жоқ. Ер азаматтарға отбасындағы өз позициясы мен қоғамдағы беделін күшейтуі керек. Әйелдер осы мақсатқа ықпалдасса игі», – дейді ол кино туралы.
Бүгінгі таңда кез келген өнер туындысы өнер ретінде емес, әртүрлі әлеуметтік мәселе, айналамызда болып жатса да, ашып айта алмайтын, маңызды болса да, мән бермейтін жайттардың шешімін табудың саяси құралы сынды. Сол арқылы тек қазақтың емес, әлемнің барлық нүктесіндегі адамдардың ішкі конфликтілері көбейіп кеткенін аңғарамыз. Тығырықтан шығар жолын таппағандай қысым байқалады.
Комедия көп, миллиондап қаралым жинау үшін түсірілетін туындылар қаншама. Екінің бірі кино түсіруге құмар-ақ. Ал әлемнің назарын аудара білген бұл фильмде драматургия сәтті шыққан. Жалықтырмайды. Көрерменді тығырыққа тірейді. Бақыт формуласын, бақытты іздеу – басты мотив. Оқиға шытырман. Бәрі шынайы. Айналамыздағы таныстарымыздың өмірі секілді. Актерлердың ойыны мықты. Сондықтан қоғамдағы қыз баланың тағдырына бейжай қарамайтын әр адамға көруге кеңес береміз.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!