Көктем­нің әр күні мереке тәрізді. Қыс ызғары­нан қоштас­қанын қуана хабарла­ғандай, күн шуағы­ның молынан төгілуі де ерекше. Әсіресе кеңпейіл қазақ халқы үшін жыл басталар айдың орны тіптен бөлек. Бәлкім, мұндай күйге айдың Алғыс айту күнімен бастал­ғаны да әсер ететін болар…

Даланы кезген Көктемнің иісі табиғатты ғана емес, адамдардың да көңілін жаңартып, жібітетіні рас. Жақсы ниетке, жаңа бастамаға дем беретін осындай жаймашуақ сәтте Жаратушыға деген алғыстың алғаусыз айтылатынын байқауға болады. Тәңірге шүкірлік айту қазақтың бойына сіңген қасиет екені белгілі. Ал адамдар бір-біріне алғысын қалай білдіріп жүр?
Әдетте әлдекімнен жақсылық көрсек, рақмет айтуды ұмытпайтынымыз құптарлық дағды. Бірақ үнемі жанымызда жүретін жақындарға жай ғана өміріңде бар болғаны үшін алғыс айту артық етпейтінін біле тұра іштен тынып қалатын әдет бәрінің бойында бар. Әйтпесе жарық өмірге әкелген анаңа, әкеңе, «айналайынын» аузынан тастамайтын атаң мен әжеңе, бауырыңа алғыс айту белгіленген күнді қажет етпейтіні жалған емес.
Қазіргі кезде көпшілік өткен күннен жиналған ренішін бала күндегі сәттермен байланыстырып әлденеге көңілі толмай жүреді. Ал кеудеге реніш жиналған сәтте алғыс орнына жиі шағым айтылып, жақсылықты бағаламайтын күйге жеткізеді. Бұл ̶ бүгінгі қоғамда қалыпты жағдайға айналған құбылыс. Содан болар әлеуметтік желі мен күнделікті әңгіме арасында талқыланатын түрлі техникалар көбейе түскен. Алайда бұл мәселеге психологтар айтатын шешім өте қарапайым. Олар жақыныңа жылулық сыйлағың келсе, өз өміріңді жарқын естеліктермен толтыруды қаласаң әрбір сәтте алғыс айту керек деген қағиданы алға тартады. Жай ғана дәмді ас жасап берсе, кезек күткенде өткізіп жіберсе, халіңді сұраса, тіпті есікті ашып берсе де шын көңілмен рақмет айту керек деп үйретеді. Себебі елеусіз көрінетін бұл әдеттің адам өмірін көркем ете түсетін, сыйластықты арттыратын, өмір сүруге деген құлшынысты еселейтін қуаты бар екенін ғылым күн сайын дәлелдеп келеді.
Алғыс айту үшін үлкен жұмыс атқарудың немесе қымбат сыйлық жасаудың да қажеті шамалы екенін біле тұра санамызда қалыптасқан тағы бір қағида бар. Тіпті жақынымыздан жылы сөз естіген сәтте «әлдебір өтінішпен келіп тұрған тәрізді» деп ойлаудың немесе себепсіз алғыс білдірсе «ұят сияқты» көрінетіні сізге де таныс әдет қой иә?! Бұл сөзімізге алдыңғы буынның тек «іштей жақсы көріп, іштей тілеулес» болатын дағдысы дәлел. Бірақ сынапша сырғыған уақыттың біздің ішкі ойы­мыз­бен санаспайты­нын ескерсек, айтылмай қалған алғыс күндердің күнінде тек өкініш болуы мүмкін.
Әлемдегі әрбір адам мейірім мен жылулықты қалайды. Ал алғыс айту тегін болса да талайларға толассыз күш пен қуат сыйлатын үлкен күшке ие. Сол арқылы мұңайғанды қуантып, ренжіткенді кешіруге болады. Көзге көрінбейтін, бізге білінбейтін бұл пейіл әлемді жақсы жаққа өзгерте алады. Жаратушының иелігінен адамзаттың игілігіне берілген әрбір нығмет алғыс айтқан сәтте еселене түседі.
Алғыс адамға сенім сыйлайды. Алғаусыз айтылған алғыс иесіне сол шынайы, әдемі күйінде қайта оралады. Сондықтан әр күнімізді Алғыс айтудан бастайық! Құшағы кең әлемге, шуаққа толы әр күнге, жақсы ниетті әр жанға жылы лебіз айту көктемдегі жаңа әдетімізге айналсын!

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!