Бүгінде қазақстандық жастардың әлемдік аренада, оның ішінде білім саласында ойып алар орны бар. Бұл әрине, қоғам үшін де, ғылым үшін де үлкен жетістік. Мұхит асып, шетелге барып оқу, тәжірибе жинау, жаңа мәдениетпен танысу – әлемді танудың ең тиімді жолы екені белгілі. Бірақ осы жолды тек жеке пайда үшін емес, қоғамға қызмет ету үшін таңдаған жастар бар. Солардың бірі – 23 жастағы отандасымыз Данель Берсебаева.
Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі, үш тілді еркін меңгерген, Еуропада білім алып жүрген магистрант бүгінде Африканың батысындағы Сенегал астанасы Дакар қаласында бастауыш сынып оқушыларына сабақ беріп, мұғалімдік жолын бастады.
«Мақсатым – тек жаңа жерді көру емес»
Данель Африкаға академиялық алмасу арқылы келген. Сұхбаттарының бірінде ол бұл қадамды жай қызығушылық немесе сапар ретінде емес, тәжірибе жинау мүмкіндігі деп қабылдағанын айтқан еді.
− Иә, Африкаға осыдан үш ай бұрын магистратура бойынша алмасу бағдарламасы арқылы келдім. Мақсатым тек турист болу емес, қызықты волонтерлік жобамен айналысу болды, – дейді ол.
Дәл қазір Данель Дакардағы бастауыш мектептердің бірінде математика, география пәндерінен сабақ беріп, сонымен қатар француз және ағылшын тілдерін үйретіп жүр.
Оқу процесінен бөлек, магистрант мектептің әкімшілік жұмысына да араласады.
Оның атқарып жүрген міндеттерінің тізімінде құжаттармен жұмыс істеу, әдістемелік материалдарды тарату, серіктестер мен демеушілер тарту жұмысы да бар. Бұл қызметі оған тек педагогикалық тәжірибе ғана емес, ұйымдастырушылық қабілеттерін де шыңдауға мүмкіндік беруде.
Данель үшін климат та, тіл де, әлеуметтік орта да мүлде басқа. Бірақ ол өзін жалғыз сезінбегенін де айтқан еді. Франциядан келген магистрант достары оны жаңа ортаға бейімделуге көмектескен.
− Бұрын Сенегалда жұмыс істеген достарым бар. Солардың кеңесі көп көмектесті, – дейді ол.
Кейіпкеріміз оқуы аяқталған соң Қазақстанға оралып, мамандығы бойынша жұмыс істеуге ниетті.
Інжу МАРЖАН

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!