«Жақында ана атандым. Кейінгі уақытта өзімді шаршаңқы, көңілсіз сезінемін, кейде ештеңеге зауқым соқпайды. Бұл жай ғана босанғаннан кейінгі шаршау ма, әлде босанғаннан кейінгі депрессия болуы мүмкін бе? Егер расында босанғаннан кейінгі депрессия болса, маған және жақындарыма не істеу керек, қай кезде маманға жүгінген дұрыс?»

Босанғаннан кейінгі кезең, иә, ең бақытты сәт. Отбасында сәби дүниеге келеді, туған-туыс құттықтайды, ал жас анаға көптеген жылы тілек айтылады. Алайда осы сыртқы қуаныштың астарында қоғамда көп айтыла бермейтін күрделі жағдай жасырынуы мүмкін. Ол − босанғаннан кейінгі депрессия.

Қабылдауыма көбіне босанғаннан кейін артық салмақтан арылуды қалайтын әйелдер келеді. Бірақ осы өтініштің артында терең эмоционалдық қиындық пен мазасыздық жатыр. Түрлі зерттеудің нәтижесіне қарасақ, елдегі әр сегізінші әйелдің осы жағдайға тап болатынын, алайда олардың көбінің көмек сұрамайтынын байқайыз. Бұған себеп − ақпараттың жеткіліксіздігі, өзін кінәлі сезіну және қоғам тарапынан айыптаудан қорқу.

Біріншіден, әлеуметтік қысым. Қазақстандық отбасыларда әйелдің бәріне өзі төтеп беруі, шыдамды, сабырлы болуы, шағымданбауы тиіс деген көзқарас жиі кездеседі. Жас ана баласына қарап, үйді реттеп, бәріне үлгеруі керек деген талаптар оның эмоционалдық жүктемесін күшейтеді.

Екіншіден, психологиялық көмектің жеткіліксіздігі. Жүктілік кезінде әйелдің физикалық саулығына назар аударылады, ал психологиялық қолдау екінші кезекке қалып қояды. Көптеген әйел өз жағдайының әлсіздік емес, медициналық мәселе екенін түсінбей, маманға жүгінбейді.

Бұдан бөлек, мәдени ұстанымдар да бар. «Барлығы да босанып жатыр, ештеңе болмайды», «өзіңді емес, баланы ойла» деген секілді сөздер әйелдің шынайы жағдайын айтуға мүмкіндік бермейді.

Босанғаннан кейінгі депрессия қалай байқалады?

Босанғаннан кейінгі депрессия − бұл жай шаршау немесе уақытша эмоциялық өзгеріс емес. Ол босанғаннан кейін бірнеше апта немесе ай ішінде дамуы мүмкін психоэмоционалдық жағдай. Оның негізгі белгілері − ұзақ уақыт мұңаю, немқұрайдылық, үмітсіздік сезімі, мазасыздық, ашуланшақтық, қызығушылықтың жоғалуы, сәбиімен эмоционалдық байланыстың әлсіреуі, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы, өзін-өзі кінәлау сезімі және «мен жаман анамын» деген ойлар. Бұл белгілер екі аптадан ұзақ сақталса, маманға жүгіну маңызды.

Қалай көмектесе аламыз?

Әйел үшін ең маңыздысы − түсіну мен қолдау. Үй шаруасына көмектесу, оған демалуға уақыт беру, ұйқыны қалпына келтіруге жағдай жасау оның психикалық жағдайын айтарлықтай жақсартады. Психолог жағдайдың ауырлығын бағалап, қажетті терапияны ұсына алады. Қажет болған жағдайда бала емізетін әйелдерге қауіпсіз дәрілер тағайындалады. Осындай кезеңнен өтіп жатқан басқа аналармен қарым-қатынас жасау әйелге жалғыз емес екенін сездіреді.

Босанғаннан кейінгі депрессия − әлсіздіктің белгісі емес. Бұл − анемия немесе қан қысымының жоғарылауы сияқты емдеуді қажет ететін медициналық жағдай. Отбасы мен медицина мамандары алғашқы белгілерді ерте байқаса, ананың қалпына келуі тезірек болады, ал сәби дені сау әрі тыныш ортада өседі.

Босанғаннан кейінгі депрессия бар және оны емдеуге болады. Ең маңыздысы − қорықпай көмекке жүгіну және жас аналарды қолдау. Әйелге көрсетілген қамқорлық − болашақ ұрпақтың саулығына жасалған қамқорлық. Қазақстандағы әрбір ана өзін қауіпсіз сезініп, қолдау табатын жағдай жасау − ортақ міндет!

Жанна НҰРБЕРГЕН,
Астана медицина университеті
академик Е.Д.Дәленов атындағы Профилактикалық медицина
ҒЗИ салауатты өмір салты орталығының жетекші ғылыми
қызметкері, дәрігер-диетолог,
Жанар КАЛМАКОВА,
Қызылорда жоғары медициналық колледжінің директоры,
дәрігер-гигиенист, нутрициолог

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!