Ризығың риясыз еңбектен тапқан, миығыңда бір мысқал да мысқыл менмұндаламайтын мінез иесі Мадияр Төлеш жайында бірер ой меңзеп өтсек. Оның жауапты қызметтегі жолын бастағанына үш жылға жетеғабыл уақыт болды. Қазіргі таңда ол ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесіндегі режим және күзет бөлімінің аға корпусшысы, әділет сержанты.
Арқадан қағып емес, әліптің артын бағып сөйлеуді басты ұстаным еткен. Күрделі салаға көлденең килігіп келмеуіне де сол себеп. Отан алдындағы борышын абыроймен орындап, әскери өмірдің мектебінен өткен азамат. Күн ұзаққа созылатын жұмыс барысында кірпіше жиырылмай, титықтағанын түзге көрсете бермейді.
Ер есімі жиі аталса, еңбек ақталса нұр үстіне нұр. Мадияр Жамбылұлы марапат пен алғыс хаттан да құр алақан емес. Мұны маңдайдағы моншақтаған тердің молшылығы, оң қадамның олжасы деп білеміз.
– Жұмыстың сипаты әртүрлі жағдайға бейімделуді талап етеді. Тосын сәттерде тез шешім қабылдау – басты дағды. Қызметте жүріп, түйгенім көп. Бақ артып, жұлдыз жануы үшін төзім мен табандылық керек қой. Сондықтан, бет бұрған салада беріле еңбек етуге дайынмын, – дейді Мадияр Төлеш.
Қызметтен тыс уақытта табиғатпен тілдесіп, оңашада ой баққанды құп көреді. Ат әбзелін сайлап, кең даланы жүйтки шабатыны содан. Бұдан бөлек, өзі “Құлагер” деп атайтын 4 жастағы дөненнің жүрісін ширату үшін күтім жасап, бабын келістіруге де көңіл бөледі екен.
З. Қонысжан
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!