Елімізде соңғы 1,5 жыл ішінде 968 ауылдық елді мекенде байланыс сапасына тексеру жүргізілді. Аталған ауылдар барлық мобильді оператор желісіне қосылу бойынша «250+» бағдарламасына кіреді. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Телекоммуникациялар комитеті басшысының мәліметінше, 3G желісі үшін ең төменгі сапа параметрі секундына 1 мегабит, 4G үшін ірі қолданушыға секундына 5 мегабит қажет. Тексерудің қорытындысы бойынша ауылдардың тек 56-60 пайызында ғана байланыс аталған талаптарға сәйкес келетіні анықталды. «Байланыс базалары орнатылған кезде қолданушылар тұтынатын ақпарат көлемі үшін сапа жеткілікті болды. Жыл сайын байланысты тұтыну көлемі мен трафик артып келеді. Ол сәтте басқа қолданушы үшін байланыс сапасы төмендейді.

Бұл министрліктің немесе оператордың сапасыз жұмыс істеуінен емес. Уақыт өзгереді, сәйкесінше тұтыну көлемі артады. Байланыс сапасын басқа жабдықтар есебінен жақсарту немесе базалық стансалардың тығыздығын қамтамасыз ету қажет», – деп толықтырды вице-министр. Бұған дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жарық бағаналарына байланыспен қамтитын базалық стансаларды да орнату идеясын ұсынған болатын. Одан бөлек, ведомство басшысы тұрғындардың радиофобиясы байланыс сапасын арттыруға кедергі келтіріп отырғанын тілге тиек етті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!