Сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрған кезінде қоғам ешқашан алға баспайды, керісінше мемлекеттің дамуы тежеледі. Қазақстанның бұл мәселедегі ахуалы осы қоғамның кез келгенінің алаңына айналды. Бүгінде біздің қоғамда жемқорлық пен парақорлық араласпаған сала қалмады. Себебі, жемқорлық ұлттық шектеулерді білмейді. Ол барлық жерде кең таралған. Халықты қанаудың көлеңкелі көрінісі бола отырып, адамзат қоғамының даму кезеңдерінен қалыспай келеді. Әлеуметтік құбылыс ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді.

Отбасы – бүкіл қоғам берік байланысқан әлеуметтік институт. Тұлға болып қалыптасуда отбасының алар орны басым. Шаңырақта мектепке дейінгі жастағы баланың мінезінің, оның әдеттерінің негізгі ерекшеліктері қалыптасады. Ал кішкентай бүлдіршіннің қандай азамат болып өсетіні отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынасқа да тікелей байланысты. Отбасында жас ұрпақты тәрбиелеуге көп көңіл бөлінуі керек, өйткені бұл оның сана-сезімінің қалыптасуына, құқықтық, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетіне әсер етеді. Ата-ананың басты міндеті – баласын дәстүрге құрмет көрсету рухында тәрбиелеу. Отбасында адал еңбек адамгершілік негізі ретінде үстем болуы керек, ал содан кейін ғана біз тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші қорғанысты қоямыз.
Ел дамуы, халықаралық аренаға шығу, дамыған елдердің қатарына ену жас ұрпаққа байланысты. Осыған байланысты жастар толығымен жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, білімді, бірнеше тіл білетін және сыбайлас жемқорлыққа бой алдырмайтын болуы керек. Әрине, ар-намыс, қадір-қасиет, әділдік, адалдық сияқты жоғары моральдық қасиеттерге ие адам заңды ешқашан бұзбайды және өз халқына лайықты қызмет етеді.
Бұл қасиеттердің барлығы бастапқы сатысында балаға отбасында беріледі. Сондықтан, ата-ана баланы тек қана кәмелеттік жасқа дейін материалдық тұрғыда қамтамасыз етіп қоймай, рухани құндылықтарды санасына сіңіріп тәрбиелеуі тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және жас ұрпақты рухани құндылықтар негізінде тәрбиелеу – отбасының негізгі жауапкершілігі. Ғалымдардың айтуынша, бала ата-анасының айнадағы бейнесі іспеттес, сондықтан ата-ана баласына мысал болуы тиіс. Отбасындағы қарым-қатынас неғұрлым таза болса, соғұрлым ол бала тәрбиесіне әсер етеді, яғни, тұлғаны физикалық, моральдық тәрбиелеудің және еңбекке баулудың нәтижесі жоғары болады.
Ойымды қорыта келе, біз «бір жеңнен қол» шығарып біріксек, осы дертті толық жоймасақ та, оны азайтуға болады және бұл алғашқы қадамдардың бірі болар еді. Әрбір азаматтың өз елінің патриоты, жанашыры ретінде – мемлекет алдындағы орындауға тиісті борышы бар. Ол – елінің құлдырауына емес, өркендеуіне үлес қосу.

Ақбота СЕРІКҚЫЗЫ,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық
жоғары колледжінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!