Сауда және интеграция министрі міндетін атқарушы Серік Жұманғарин дүкенге барғанын, ондағы тауарлардың бағасы айтарлықтай көтерілгенін айтты, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет отырысының кулуарында ведомство басшысы жаңа қызметке тағайындалғасын сауда орталықтары мен базарларды аралағанын атап өтті.

«Сауда орталықтарына барып, бағаны көрдім. Баға айтарлықтай өскен. Оны бақылауға алу керек. Өңірлерде арнайы комиссия құрылған. Олардың да жұмысын бақылау керек», – деді министр.

Серік Жұманғарин қанттың қымбаттағанын ашық айтты.

«Соңғы рет сауда орталығындағы Small супермаркетіне бардым. Онда 5 келі қант 5,5 мың теңгеге сатылып жатыр. Өте қымбат. Сондықтан біріншіден, барлық азық-түлік тауары мен қанттың болуын қамтамасыз ету керек. Екіншіден, бағаны төмендетуге тырысу керек. Бұл мәселеге қатысты біздің ұстанымыз бар. Премьер-министр тапсырма берді», – деді ведомство басшысы.

Ол бұл мәселеге қатысты бүгін жиналыс өтетінін жеткізді.

«Бір сағаттан соң қант өндірісін өкілдерінің қатысуымен жиналыс өтеді. Онда қант бағасының тұрақты ету, бағаны төменду мәселесін талқылаймыз», – деді Серік Жұманғарин.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!