Қазір әлемде «цифрлы детокс отбасы» тренді пайда болғанын білесіз бе? 2026 жылғы зерттеулерге сәйкес, ата-аналар балаларды экран алдында отырғызудан бас тарта бастаған. Оның орнына отбасылық дәстүр мен табиғатта серуендеуді қолға алып, экрансыз ойындарға қайта оралғаны белгілі болды. Тіпті “Pinterest”-тің жаһандық трендтер есебінде «screen-free activities» (экрансыз іс-шаралар), «family traditions» және «digital detox» іздеулері айтарлықтай көбейген.

Әдетте ата-аналар жұмыс бабынан босай алмаған сәтте ғана баланы телефон немесе планшеттегі ойындар арқылы алаң қылады. Бірақ бұл үлкендер баланы қараусыз қалдырды дегенді білдірмейді. Pew Research зерттеуіне сәйкес, ата- аналардың 86%-ы балалардың экран уақытын бақылауды маңызды деп санайды. Бірақ сауалнамаға қатысқандардың 42%-ы «мүмкін, балаға телефоннан басқа жақсы дүние ұсына алар ма едік?» деп ойлайтынын жеткізген. Яғни мәселе тек балада ғана емес, ата-аналардың жауапкершілігінде екені анық. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі балаларға телефон қолдану ережелерін ескерткен. Олардың тек 19%- ы ғана бұл ережелерді үнемі сақтата алатынын мойындаған. Осыған қарап ережені, балалар ғана емес, кейде ата-аналардың өзі бұзатынын көруге болады.

Қазір мамандар смартфонды алып қоюға емес, оның орнын одан да жақсы дүниеге алмастыруға кеңес береді. Қызықты балама ретінде спорт, кітап оқу, шығармашылық үйірмелер, отбасылық ойындардың тиімділігі әлдеқашан дәлелденген. Осы орайда ата-ана балалар үшін айна іспетті, яғни үлкендер не жасаса кішкентайлар соны қайталайды. Жаңа зерттеулер ата-ананың өз телефонына көп үңілуі балалардың эмоциялық дамуына және мінез-құлқына теріс әсер етуі мүмкін екенін айтады. Қоғамдық ортадан да бұл көріністі жиі көруге болады. Үлкендер тілдесу мақсатында телефонға қол созса, артынша бала да смартфонға қызыға бастайды.

Мұнан бөлек сарапшылар жасанды интеллектімен сөйлесетін ойыншықтардың көбейіп жатқанын айтып, дабыл қағуда. Психологтар «балалар эмоциялық байланысты ата-анамен емес, AI-құрылғылармен құра бастай ма?» деп алаңдайды. Бір кездері ересектер балаларды дала ойынынан үйге кіргізе алмайтын. Ал қазір бәрі басқаша, кішкентайларды телефоннан ажыратуға үлкендер амал таппай жүр. Бірақ әлемдегі жаңа үрдіс экрансыз балалық шақты қайта қайтарады деген үміт бар.

Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!