12 маусым – Дүниежүзілік балалар еңбегіне қарсы күрес күні.Бұл күн бүкіл әлемде оқудың орнына жұмыс істеуге мәжбүр болған миллиондаған балаларға назар аударуды мақсат етеді.

БҰҰ мәліметі бойынша 160 миллион бала еңбекке тартылған. Бұл – әлемдегі әрбір оныншы бала жұмыс істейді дегенді көрсетеді.

Қазақстан Республикасының «Бала құқықтары туралы» Заңының 16-бабына сәйкес балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар.

Дегенмен, әрбір баланың еңбек етуге құқығы бар екені жазылғанымен, бұл құқық баланың мүддесіне сай келуі қажет. Сондай-ақ, еңбек ету баланың өміріне, денсаулығына, психологиялық жай-күйінезиян келтірмей жүзеге асырылуы және олардың білім алуына кедергі болмауға тиіс.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау, олардың еңбегіне ақы төлеу және өзге де ерекшеліктері қарастырылған.

Кодекстің 31 бабының 1 тармағына сәйкес он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.

Сонымен қатар, Кодекстің 31 бабының 2 тармағына сәйкес еңбек шарты
15 жасқа толған азаматтармен, олардың орта білім, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымында білім алған жағдайда, 14 жасқа толған оқушылармен оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін жасалуы мүмкін.Мұндай жағдайларда, кәмелетке толмағандармен бірге еңбек шартына оның ата-анасының бірі, қамқоршысы немесе асырап алушысы қол қоюға тиіс.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды ауыр жұмыстарға, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар объектілерге, түнгі уақыттағы жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынған.

Қазақстан Республикасының заңнамасы балалар еңбегіне шектеулер белгілейді және кәмелетке толмағанды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жібергені, балаларды балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тартқаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті көздейді.

Балаларды заңсыз еңбек етуден қорғау – қоғам тарапынан үнемі назар аударуды, ведомствоаралық өзара іс-қимылды және қолдауды талап ететін басым бағыт. Кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Берікбол Байхожаев,
Қазақстан Республикасындағы
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің
Қызылорда облысы бойынша өкілі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!