Фото: ашық дереккөзден

Балалар – бәріміз үшін ең қымбат жандар. Себебі бала біздің болашағымыз әрі ұрпақ жалғастығымыз. Олардың әрбір тәтті қылықтары, алғашқы жасаған іс-әрекеттері, былдырлап сөйлеп, тәй-тәй басқандары ата-анасына ерекше қуаныш сыйлайды. Бала жарық дүниеге жаны таза, ештеңеден бейхабар күйде келеді. Ата-анасынан, айналасынан көріп-білу арқылы түрлі іс-әрекеттер мен әдеттерді жалпы өмір сүру дағдысын үйрене бастайды. Бала – сіздің айнаңыз. Сіз не істесеңіз ол соны қайталайды. Өзіңіз басқа нәрсе істеп тұрып балаға оны істесе былай істе деп қанша үйретсеңіз де ол сіз жасағанды келіп жасайды. Сол үшін баланы тәрбиелерде алдымен өз тәрбиемізді бір ескерген дұрыс.

Әрине әрбір ата-ана баласына ненің болса да ең жақсысын беруге ұмтылады. Сол сияқты тәрбие мен білімнің де жақсысын бойына сіңіріп өскенін қалайды. Алайда осы тәрбиеге байланысты тек балалар ғана емес үлкендердің де дертіне айналып отырған  бүгінгі үлкен мәселе – смартфондар. Жасыратыны жоқ жастармен қоса алғанда үлкендердің өзі қазір телефоны жанында болмаса жалтақтап қалады. Тіпті он үшінші мүшемізге айналып кеткендей қолымыздан қалай түспей қалғанын, қызығына батып қанша уақыт қолданғанымызды аңғармай қаламыз. Өкінішке орай бұрынғы замандағы ертегі айтатын ата-әже статусы да төмендеп барады…

Телефонға деген тәуелділік артқан сайын айналамызда не болып жатқанына да мән бере бермейміз. Санасы енді-енді жетіліп келе жатқан бүлдіршін де жалт-жұлт еткен бейнелер мен дыбыстарға қызығып қолымыздағы затқа жармасады. Оның зиян екенін біліп берден бере қоймағанмен бәрібір түбі баладан жеңілеміз. Бастапқыда «Осы тыныш отырса болды» деп аз уақытқа ештеңе етпес деп өзімізді алдаймыз да кейін уақыт өте келе қалай баламыздың телефонға тәуелді болып қалғанын аңғармай қаламыз. Нәтижесінде тез ашуланатын, ойлау, даму қабілеті қатарынан артта қалған тіпті адамға деген мейірімі жоқ бала өсіп келе жатады. Сол кезде ғана қателік неден кетті деп ойлап, бармақ тістейтініміз анық. Ойлаңызшы егер балаңыздың көзінше аса қажеттілік болмаса сол смартфонға саусақ жүгіртпей қайта балаңызбен басқа қызықты ойындар ойнап, еркелетіп, мейірім төксеңіз балаңыз да психикасы жақсы дамыған, ақылды, зерек болып өсер еді.

Жақында әлеуметтік желіде балабақшадағы балалардың бір балаға жаппай жабылып, аямай ұрып-тепкілеп жатқан бейнесі таралды. Иә, иә мектеп емес, балабақшада. Көбісі балаларды бір сәтке қараусыз қалдырған тәрбиешілерді сөгіпті, бірақ нағыз мәселенің түбін ешкім аңғармайды. Кіп-кішкентай балалар солай аямай ұрып-соғуды қайдан үйренуі мүмкін? Әрине, әлеуметтік желідегі атыс-шабыс ойындардан, тик-токтағы бейнелерден одан қалса теледидардан көретіні анық қой. Яғни бұл жерде балалардың психикасы бұзылған деп айта аламыз. Қазіргі жастар арасындағы қатыгездік, сыныптастарына суық қару жұмсауға дейін бару барлығының астарында осындай мәселе жатыр. Жас жеткіншектердің қолынан телефонды қағып ала алмайтыныңыз енді оған күшіңіз жетпейтіні анық. Десе де олардың не көріп, не естіп жүргенін бақылауда ұстау әр ата-ананың парызы. Ертең олардың жасаған теріс іс-қылықтарына жаппай мектепті болмаса тәрбиешілер мен ұстаздарды кінәлай салу – надандық дер едім. Үйдегі уақытының көп бөлігін телефонда өткізбес үшін өзіңіз де телефоныңызды қойып, баланы әңгімеге тартыңыз. Оларға күшіміз жетпегенімен енді ғана өсіп, жетіліп келе жатқан кішкене бүлдіршіндерге бұл тұрғыда жауаптылық танытуға күшіміз жетеді емес пе?

Педогогикалық еңбектердің авторы, жазушы Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Бала тар ойлы ақымақ  болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала алмайтын мылқау, жынды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы», – деп айтып кеткен. Бұл жерде тәрбиеші тек ұстаз, тәрбиеші ғана емес жалпы тәрбие беретін адамдардың барлығы айтылып тұр. Баланың болашақта қандай болып өсетініне отбасы да ортасы да әсер етпей қоймайды. Айналасында ештеңеге назар аудармай телефон мен теледидардан өзгені көрмейтін балаларды бір күн сол құрылғылардан тыйып көріңізші, өз балаңыздан өзіңіз шошуыңыз мүмкін. Қалай ашушаң, ызақор болып кеткенін көріп таңданасыз. Өзіміздің бүгінгі тыныштығымызды ойлап, баланың көкірек көзін бітемейік. Бала тек сіз бен біздің ғана емес тұтас елдің ертеңгі болашағы. Сондықтан оған үлкен жауапкершілікпен қарайық дегім келеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!