Қолөнер – жүректің жылуын, шебердің шынайы сезімін жеткізетін ерекше әлем. Соның ішінде қолдан тоқылған қуыршақтар – балалықтың нәзік символы ғана емес, автордың ішкі дүниесін айшықтайтын өнер туындысы. Мұндай бұйымдарға деген сұраныс қашан да биік. Қазір олардың құндылығы да жаңа қырынан бағалануда. Осы бағытта табанды еңбек етіп жүрген ұстаздардың бірі – №233 мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі Гүлжамал Тұрмағамбетова. Алтын қолды кейіпкерімізді әңгімеге тарттық.

– Қуыршақ тоқу өнеріне қалай келдіңіз? Қолдан жасалған қуыршақтардың ерекшелігі неде?

– Бұл өнерге өз қызығушылығым арқылы келдім. Алғашында жай ғана хобби ретінде бастаған ісім уақыт өте келе сүйікті кәсібіме айналды. Балалық шақтағы ойыншықтарға деген сүйіспеншілік пен қолөнерге жақындығым осы жолды таңдауыма себеп болды.

Ең басты ерекшелігі – бірегейлігі мен жан жылуы. Әр қуыршақ қайталанбайды, оның бойында шебердің еңбегі мен көңілі бар. Сонымен қатар қолдан жасалған ойыншықтар қауіпсіз, себебі зиянды бояулар қолданылмайды.

– Бір қуыршақты тоқып шығуға қанша уақыт кетеді? Жұмысыңызда қандай материалдарды жиі қолданасыз?

– Қуыршақтың көлемі мен күрделілігіне байланысты бір-үш күн, кейде бір аптаға дейін уақыт кетеді. Көбінесе акрил және мақта жіптерін пайдаланамын. Ішін толтыру үшін синтепон қолданамын, ал безендіру үшін түрлі аксессуар қосамын.

– Ал шабыт қайдан келеді?

– Шабытты балалардың қиялынан, мультфильм кейіпкерлерінен және әлеуметтік желілердегі шығармашылық жұмыстардан аламын.

Гүлжамал ТҰРМАҒАМБЕТОВА: Ұлттық үлгідегі қуыршақтарды дамытып, өз брендімді қалыптастырғым келеді

– Қазір қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс қандай? Сіздің туындыларыңызды көбіне кімдер сатып алады?

– Қазір сұраныс өте жоғары. Адамдар ерекше, сапалы әрі эксклюзивті дүниелерді бағалай бастады. Әсіресе ұлттық нақыштағы қолдан тоқылған қуыршақтарға қызығушылық артып келеді. Негізінен аналар, балаларға сыйлық іздейтін жандар және ерекше тарту жасағысы келетін тұтынушылар сатып алады.

– Қуыршақ тоқу кезінде қандай қиындықтар кездеседі?

– Ұсақ бөлшектерді дәл әрі ұқыпты жасау кейде қиындық тудырады. Сонымен қатар уақытты тиімді жоспарлау да маңызды. Кейде жаңа үлгілерді ойлап табу да оңай жұмыс емес.

– Жастардың қолөнерге қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Шеберлік сабақтарын көбейту, әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттау және мектеп бағдарламасында қолөнерге көбірек көңіл бөлу қажет.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Болашақта жаңа коллекциялар жасап, шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлап отырмын. Сонымен қатар ұлттық үлгідегі қуыршақтарды дамытып, өз брендімді қалыптастырғым келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!