Иә, күн сайын қылмыстық топтар ұсталып, түрлі заңсыз әрекеттің жолы кесіледі. Мұндайда ең алдымен мамандардың еңбегі еске түседі.

Алайда сол мамандармен қатар үнсіз қызмет етіп жүрген тағы бір сенімді сақшылар бар. Олар марапат сұрамайды, мінберге шықпайды. Бірақ адам сезбеген қауіпті бірінші байқап, қауіпсіздік жолында алдыңғы шепте жүреді. Олар − қызметтік иттер.

Бүгінде Ұлттық ұлан бөлімдерінде жарылғыш заттарды анықтауға 75, есірткі іздеуге 89, ал 703 ит іздестіру бағыты бойынша қызмет етеді. Күн сайын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысып жүрген бұл қызметтік иттер қауіпсіздік жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған.

Ұлттық ұландағы сенімді серіктер

Солардың бірі – Эльза. Ол Ұлттық ұлан қатарында 2019 жылдан бері қызмет етіп келеді. Маманданған бағыты − жарылғыш заттарды іздеу. Астанада ірі спорттық жарыс не мәдени іс-шара өтсе, мамандар, ең алдымен, аумақтың қауіпсіздігін тексереді. Осындай сәттерде Эльза да өз жетекшісімен бірге қызметке кіріседі.

Эльзаның сенімді серігі − 5573 әскери бөлімінің кинологі, сержант Болат Әлжанов. Бұл салада жүргеніне 17 жыл болған тәжірибелі маман қызметтік итті күшік кезінен баптап өсірген. Сол кездің өзінде-ақ оның алғырлығы мен белсенділігін байқапты. Бүгінде Эльза кинологтің сенімді көмекшісіне айналған.

Айта кетерлігі, Эльза − сержант Әлжановтың үшінші қызметтік иті. Бұған дейін ол Дакл атты іздестіруге маманданған итпен сегіз жылдан астам бірге қызмет еткен. Кейін Лаки есімді есірткі заттарын іздейтін итті баптаған.

Ұлттық ұландағы сенімді серіктер

Кинолог пен қызметтік иттің байланысын сөзбен түсіндіру қиын. Бұл − күнделікті жаттығу, төзім мен өзара түсіністіктің нәтижесі. Ит иесінің дауысын ғана емес, көңіл күйін де сезеді. Ал кинолог оның әр әрекетінен белгі аңғарады. Мұны олардың бірлескен жұмысынан да аңғаруға болады. Мысалы сержант Әлжанов пен Эльза бірнеше рет құқықтық тәртіп әскеріндегі бәсекелерде, ведомствоаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен. 2023 жылы Ұлттық ұланның қызметтік иттері арасындағы жарыста үшінші орын иеленсе, былтыр Петропавл қаласында өткен сайыста бірінші орын иеленген. Сондай-ақ Алматыда өткен күштік құрылымдар арасындағы жарыста командалық есепте жүлдегер атанды.

Расымен, ерлік жайлы сөз қозғалғанда, қолына қару алып, сап түзеген сарбаздар ойға келеді. Десе де төрт аяқты сақшылардың да еңбегі бар екенін есте сақтайық.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!