Түркістан облысында мақта бағасын көтеруді талап еткен шаруалар жолды жауып тастады. Бұл жөнінде ауыл шаруашылығы жөніндегі сарапшы Алмасбек Садырбай мәлімдеді.

Садырбай желіге жария еткен бейнежазбадан шаруалардың тракторлардың көмегімен жолды жауып тастағанын көруге болады. Мұндай наразылыққа диқандардың мақта науқаны басталғалы бері шығынға ұшырауы себеп болса керек. Алмасбек өзінің Facebook парақшасында әділетсіздіктен шаршаған шаруалардың басқа амалы қалмағанын жазады.

«30 жыл әділетсіздіктен шаршаған шаруаларда шара қалмады. Шаруалар мәселелері шешілмесе, осындай наразылық жалғасады. Бұл – олардың жанайқайы. Мен бұл істі құптамаймын, бірақ мәселесі шешілудің орнына ушығып келе жатқан шаруаларды түсінемін. Бұл тек мақтаның сұрағы бойынша. Алдымызда басқа сұрақтар көп. Билік немқұрайлы қарайтын болса, ашынған халық бұдан артыққа барады», – дейді ол.

Алмасбек Садырбай халық пен биліктің арасына диалог қажет екенін айтып, республикалық деңгейдегі «Жұмыс тобы» құрылып, проблемаларды шұғыл шешуге көшу керек екенін жеткізген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!