Аша Матай Instagram оқырмандарының қатал сынына ұшырады. Бір топ фолловерлер Ашаны бір киімді бірнеше рет кигені үшін «бейшара» деп кемсіткен. Тележүргізуші сынға жауап берді.

«Отырсаң опақ, тұрсаң сопақ». Ашаның айтуынша, барлық елге жағу қиын. Оқырмандардың бір тобы шопинг жасап, жаңа киімдерін көрсеткен Ашаға мін тақса, ендігілері бір киімді бірнеше рет кигені үшін кемсіткен. Тележүргізуші елді түсінбейтінін айтты.

«Бір топ адамдар: «Осы сен киім киіп, бізге көрсете бергенді қашан қоясың?» – дейді. Кейде бір киімді ұнатып қалып, қайталап киіп жүре бересің ғой. Ондай кезде: «Ой бейшара, басқа киетін киімің жоқ па?» – деп жазасыздар. Мен сіздерді түсінбеймін.

Адамнан мін іздемейік. Адамның киім гардеробын талқыға салмайық. Позитивті болайық. Барлығы өздеріңізге байланысты. Өмірді сүйейік. Мен негізі киімді, басқа да заттарды ысырап етуді ұнатпаймын. Бірақ әйел адам әрқашан да әдемілікке құштар. Сондықтан әдемі болып жүргенге не жетсін. Оның үстіне өнер адамы болғандықтан, біздің жұмыс соны талап етеді. Әйел заты әдемі киініп, жақсы сөз сөйлеуі абзал», — дейді Аша Матай.