Танымал PR-шы Айбар Олжай ChocoFamily брендінің негізін қалаған кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың үстінен шағым түсірді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған Мухоряповтың мемлекеттік тілге қатысты мәлімдемесі себеп болды.

Орыстілді сайттардың біріне: “егер сіз орысша сұрап, сізге қазақша жауап берсе, ол ұлтшылдық, әрі төмен мәдениеттің белгісі” деген кәсіпкердің сөзі қазақтілді аудиторияның ашу-ызасын туғызды.

Бизнесменнің әлеуметтік желідегі парақшасына 10 мыңнан аса пікір жазылып, қазақтілді орта Мухоряповтың ел алдында кешірім сұрауын талап етті.

“Рамиль Мухоряповтың осы репликасы бар жағынан алғанда түсініспеушілік туғызып отыр. Себебі бүгін Мемлекет басшысының өзі қазақ тіліне қатысты саяси арандатушылықты қою керек деп ескерткен болатын. Рамиль Мухоряпов бұл тұрғыда көп нәрсені ушықтырып жіберген сияқты және оның арты бизнесі үшін жақсылықпен аяқталмайтыны көрініп тұр”, – дейді осы орайда Айбар Олжай.

Ал қазақтілді аудитория кәсіпкердің өнімдеріне бойкот жарияламақ. Оның өнімдеріне баламалар ұсыныла бастаған.

Choco өнімдерін тұтынбай, толық алмастыруға бола ма? Dalainside телеграм арнасының жазуынша:

1.    Chocolife.me купондарын BeSmart-қа;
2.    Chocotravel авиабилет сервисін Kaspi Тревелге;
3.    Chocofood жеткізу сервисін Glovo мен Wolt-қа;
4.    Chocomart.kz, Lensmark.kz интернет дүкендерін Kaspi.kz дүкеніне;
5.    iDoctor.kz дәрігер іздеу сервисін Doq.kz сервисіне;
6.    Рахмет кэшбек мобильді қосымшасын Dosmart қосымшасына алмастыруға болады.

“Былтыр ChocoFamily выручкасы 17,8 миллион доллар болған. Оның ішіндегі таза кіріс бойынша ақпарат жоқ. Бойкот – егер ол шын жұмыс істей бастаса, енді қараша-желтоқсан айларының түсіміне әсер ететін болады.

Негізі, Choco үшін желтоқсан, Жаңа жыл қарсаңы – ең табысты кезең. Тура сол табысты уақыттың алдында тәжірибелі бизнесменнің бұлай қателесуі күтпеген жағдай болды”, – дейді Айбар Олжай.

PR-шы бұл мәселені жылы жаба салғанды жөн санамаған.

“Мухоряпов заңды бұзды ма? Басты сұрақ осы. Оған тек қана құзырлы орган арнайы тексеруден кейін жауап бере алады. Бірақ ол үшін азаматтық қоғам құзырлы органға жүгінуі тиіс.

Конституциялық принциппен Рамиль Мухоряповтың репликасын ҚР Қылмыстық Кодексінің 174 бабы, 1 тармағы бойынша тексеруді сұрап, Алматы қаласының Прокуратурасына арыз жібердім. Арыз ЖТ-2022-02543155 нөмірімен ресми тіркелді. 11 қарашаға дейін Прокуратура ресми жауабын жібереді”, – дейді әріптесіміз.

Осы 174 бап не дейді және оның жазасы қандай?

ҚР Қылмыстық Кодексіның 174 бабы әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру бойынша мәселелерді реттейді.

1-ші бабында “Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау, егер бұл іс-әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса”, – деп көрсетілген.

Ал жазасы – екі мыңнан жеті мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл не екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру.

Рамиль Мухоряпов қылмыс жасады ма?

“Алдымен Прокуратура оның белгілерін анықтайды. Егер, ия, анықталса, материалдар жинап, сараптама жасап, сотқа жібереді. Сот тараптардың дәлелдерін тыңдап, шешім шығарады. Яғни, барлық іске нүктені Сот қояды. Егер прокуратура қылмыс белгілерін таппаса, ол нақты дәлелмен ресми жауап береді.

Егер Мухоряповтың қылмысы дәлелденіп, сот шешімі шықса, ол қандай жазаға тартылуы мүмкін?

Мұндағы ең минималды жаза – 2 мың айлық есептік көрсеткіш. Қазір бір АЕК – 3063 теңге.
Демек, ChocoFamily басшысының ең аз жазасы – 6 126 000 теңге айыппұл болуы мүмкін.

Бірақ тек мүмкін деп тұрмын. Себебі мәселені құзырлы органдар мен сот қана шешеді”, – дейді Айбар Олжай.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!