Төрткүл әлемге «армрестлинг» атауымен танымал білектілер бәсекесі қазаққа да таңсық емес. Жазғы спартакиаданың көрігін қыздырған да – осы қол күрес. Иә, ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде шаруашылық бөліміне қалдырылған жазасын өтеуші азаматтар бұл жолы да бабын сынап көрді.

Қара күштің қауқары ғана емес, ақыл мен айланың да маңызы зор. Мұны жете түсінген қатысушылар қол күрес барысында барын салуға тырысты. Нәтижесінде, мықтылар іріктеліп, жеңісті қанжығаға байлады. Мекеме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әділет майоры Мирамбек Тұрымбетов оларға арнайы марапатты табыстады.

– Қол күресіне қатысу арқылы өз күшімді сынап көруге мүмкіндік алдым. Жарыс өте тартысты өтті, әр қарсылас жеңіске лайық болды. Осындай спорттық шаралар адамның жігерін жаниды, тәртіпке баулиды. Жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Мен үшін бұл жеңіс – өзіме деген сенімнің және спортқа деген қызығушылықтың нәтижесі, – дейді жазасын өтеуші азамат.

АКАӘПТЖББ-ның жасақ бастығы, әділет аға лейтенанты Бабахан Алтынбектің сөзіне сүйенсек, жазғы спартакиада аясындағы жарыстар алдағы уақытта да жалғасып, жаңа жеңістер мен жарқын сәттерге жол ашпақ.

З.Қонысжан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!