Биылғы жаңа оқу жылынан бастап 1-сынып оқушыларын үш тілде оқыту алынып тасталды. Енді оқушылар орыс тілін екінші сыныптан, ағылшын тілін үшінші сыныптан бастап оқиды. Сонымен қатар жаңа пәндер енгізіледі. Бұл туралы бүгін облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов брифингте мәлімдеді.

Оқу жылының ұзақтығы 1 – сыныптарда 35 оқу аптасын, 2-11 сыныптарда 36 оқу аптасын құрайды. Сондай-ақ, алдағы жаңа оқу жылы 31 мамырға дейін жалғасатын болады.

Басқарма басшысының орынбасары алдағы оқу жылынан бастап жаңа пәндер қосылып, бірқатар өзгерістер енгізілгенін айтты.

?Бірінші сынып оқушылары «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндері оқыса, «Көркем еңбек» пәні екіге бөлініп, «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері оқытылады. Ал «Шетел тілі» және «Орыс тілі пәндері» оқытылмайтын болды. Сонымен қатар 1 – сыныпта оқушылардың оқу жетістіктері бағаланбайды. «Өзін-өзі тану» пәні үлгілік оқу жоспарының инвариантты компонентінен шығарылды, яғни енді міндетті пән ретінде оқытылмайды, – деді Бағдат Камбозұлы.

2022-2023 оқу жылында сыныпты екі топқа бөлу жүзеге асырылады. Қалалық және ауылдық мектептерде сыныпта 24 және одан да көп білім алушы болған кезде екігі бөліп оқытылады. Ал бастауыш және жалпы білім беруде сыныпты екі топқа бөлу 24 және одан да көп білім алушылар болған кезде жүзеге асырылатын болады.

Айта кетейік, енді «Алтын белгі» аттестатын алуға үміткерлер үшін «Алгебра және анализ бастамалары» оқу пәні бойынша қорытынды аттестаттау Назарбаев Зияткерлік мектептерінің базасында жазбаша емтихан түрінде өткізіледі. Сонымен қатар биылдан бастап халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздары мен олардың педагогтеріне бір реттік ақшалай сыйақы беріледі.