Кейінгі жылдары әлемдік және отандық еңбек нарығы бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өзгеріп келе жатыр. Технологиялық серпіліс, жасанды интеллекттің өмірдің барлық саласына енуі және демографиялық үрдістер дәстүрлі мамандықтардың сипатын өзгертіп қана қоймай, жаңа кәсіп түрлерін алдыңғы қатарға шығарды. Осындай кезеңде мектеп түлектерінің мамандық таңдауы – тек бір дипломның емес, тұтас өмірлік бағыт пен болашақ әл-ауқаттың негізін қалайтын шешімге айналды.
Елімізде цифрландырудың жеделдеуі мен жасыл экономикаға көшу үрдісі еңбек нарығының негізгі қозғаушы күшіне айналды. Бүгінде жұмыс берушілер тек дипломнан гөрі жаңа дағдылар мен өзгерістерге бейімделе алу қабілетіне басымдық береді. Соған қарамастан, кей мамандықтар өзектілігін жоғалтса, екінші бір кәсіп тобы жаңа мамандардың көбеюін талап етеді.
Ең бірінші сұранысы жоғары мамандықтарға тоқталайық. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратына сәйкес, биыл гранттардың 60%-ы инженерлік бағытқа, 20%-ы педагогикалық мамандықтарға, ал қалған 20%-ы басқа салаларға бөлінді. Өтініштердің басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», «Педагогикалық ғылымдар» және «Ақпараттық- коммуникациялық технологиялар» секілді бағыттарға түскен. Ал бір грантқа үлкен бәсеке болашақ аудармашылар, дипломаттар, заңгерлер, психологтар мен мұғалімдер арасында болмақ.
Оқушы үшін мамандық таңдау оңай емес. Бірі заман талабына сай шешім шығарса, енді бірі жүрек қалауын тыңдайды. Бірақ соңында қайсысы жеңеді? Бұл туралы білу үшін профориентолог Ұлжалғас Сәрсенқызына жүгіндік.
– Биыл Қазақстанда IT саласы мен инженерияға грант көп бөлініп жатыр. Болашақта бұл бағыттардың сұраныста болары анық. Маған көмекке жүгінетін балалар көбіне мамандықты өз қалауымен емес, басқаларға еліктеп таңдайды. Әйтсе де, профориентологпен кеңескен соң ойын өзгертетіндер көп. Себебі біз арнайы методика мен ғылыми негізделген тесттерді қолданамыз және мамандықты баламен бірге таңдаймыз. Олардың басты қалауы – тезірек қаржылық тәуелсіздікке жету. Сондықтан заман талабына сай кәсіптерге ықыласы жоғары, – деді ол.
Шектеудің жоқтығын дәстүрлі салаларға деген қызығушылықтан да көруге болады. Маманның айтуынша, қала балаларының арасында да ауыл шаруашылығы немесе агрономия сияқты салаларды таңдайтындар кездеседі.

Мамандық таңдауда баланың тұратын өңірі де белгілі бір рөл атқарады. Бұл бөгет емес, бірақ талапкердің қалауына әсер етуі мүмкін. Бұл тұжырым туралы «Gallup» және «TANU» сарапшысы, «juz40» білім беру орталығының профориентологы Әсел Жасталапқызы айтып берді.
– Өңір фактор ретінде белгілі бір деңгейде рөл атқарады. Себебі әр аймақтың еңбек нарығы мен экономикалық бағыты әртүрлі. Мысалы, мұнай-газды өңірлерде инженерлік бағыт, үлкен қалаларда IT, қаржы мен бизнес, ал аграрлық аймақтарда ауыл шаруашылығы дамыған. Сондықтан тұрғылықты мекенжай мамандық таңдауға ықпал етеді. Дегенмен оқушыда таңдау еркіндігі бар, сол себепті бұл шешуші фактор болмауы тиіс. Бала өз қызығушылығына қарай кез келген өңірден жұмыс таба алады, – деді ол.
Талапкердің тұратын өңірі де белгілі бір деңгейде таңдауға әсер етеді. Алайда бұл қол байлайтын кедергі емес, тек жергілікті экономиканың ерекшелігі.
ЖИ ЖӘНЕ НАРЫҚ
Ақпараттық технологиялар саласы өзектілігін жоғалтқан жоқ, керісінше оның мазмұны тереңдей түсті. Қазіргі уақытта қарапайым бағдарламалау ғана емес, жасанды интеллектті басқару, үлкен деректерді талдау, киберқауіпсіздік және бұлтты технологиялар мамандарына сұраныс жоғары. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жасанды интеллект экожүйесін дамыту бағдарламалары, яғни AI-SANA секілді жобалар бұл саланың мемлекеттік деңгейде қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының болжамы бойынша, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының ауқымы 4,8 триллион долларға жетуі мүмкін. Ал оның ғаламдық технологиялық индустриядағы үлесі 7 пайыздан 29 пайызға дейін артады.
Бұл тенденция мамандықтар әлеміндегі үлкен өзгерістерді айшықтайды. McKinsey сараптамасы бойынша, 2030 жылға қарай 375 миллион жұмыс орны қысқаруы мүмкін, алайда оның орнына 97 миллион жаңа жұмыс орны пайда болады. Мұнда технологиялар адам еңбегін алмастырмайды, тек оны толықтырады. «Мигрант Сервис» платформасының директоры Андрей Кладов gazeta.ru басылымына берген сұхбатында атап өткендей, ЖИ деректерді өңдеуде және күнделікті жұмыстарда тиімді болғанымен, физикалық қатысуды, креативтілікті және эмоционалды интеллектті қажет ететін салаларда дәрменсіз.

Мемлекет басшысының 2025 жылы жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде өткізген кеңесінде бұл тақырып кеңінен талқыға түсті. Басшымыздың айтуынша, жасанды интеллект барлық саланың қозғаушы күші болуы тиіс. ЖИ – еліміздің инновациялық дамуының, цифрлық дербестігінің тірегі.
– Алдағы бес жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Себебі, біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланатын ел болуымыз қажет. Осы биік мақсатқа жету үшін стратегиялық бағдарымызды айқындап алған жөн. Әрбір қадамды мұқият ойластырып, алдын ала шұғыл шаралар қабылдауымыз керек. Қазір мемлекеттің цифрлық саясатқа қатысты ұстанымдарын қайта қарайтын кез келді. Жаһандық технологиялық бәсеке күшейіп, жасанды интеллектінің дамуы қарқын алған кезеңде бізге жан-жақты әрі жүйелі әрекет етуге мүмкіндік беретін кешенді бағдарлама керек, – деді мемлекет басшысы.
Алдағы жылдары Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуды көздеп отырғанда, ЖИ-ді өз кәсібінде тиімді қолдана алатын мамандар бәсекеге қабілетті болмақ.
МАМАНДЫҚТЫ ҚАЛАЙ ТАҢДАУ КЕРЕК?
Жастар арасында «Өз мамандығымды қалай табамын?» деген сауалдың жиі қойылуы заңды. Нарық талабын ескерген жөн, алайда өз қабілетіңізге мүлде қарама-қарсы саланы таңдау – үлкен қателік. Осы орайда кәсіби бағдарлау тесттерінің де маңызы зор.
– Мамандық таңдауда, ең алдымен, қызығушылықты ескеру керек. Қандай іспен айналысқанда уақыттың қалай өткенін байқамай қаласыз? Қабілет пен тұлғалық ерекшелікті де назардан тыс қалдырмаған абзал. Адамдармен жұмыс істеген ұнай ма, әлде деректермен бе? Осыны анықтап алған соң барып еңбек нарығына көз жүгірткен сәтті болады. Ал «Gallup» сияқты тесттер тікелей мамандық таңдап бермейді, ол адамның табиғи таланттарын анықтайды. Осы қасиеттерді жүйелі талдағанда ғана дұрыс таңдау жасау жеңілдейді, – дейді Әсел Жасталапқызы.
Маман айтып кеткендей, мамандықты өзіңіздің табиғи таланттарыңызды ескеріп таңдаған жөн. Балалардың басым бөлігі мамандығын таңдау үшін жиі профориентологтың көмегіне жүгінеді. Бұл жерде баланың қабілеттері ғана емес, кәсіптің актуалдығы, сұранысы, қаражаты да ескеріледі.
Заманауи еңбек нарығы үздіксіз даму мен бейімделгіштікті талап етеді. Мамандық таңдау – заман талабы мен ішкі қалауды ескеру. Технология қаншалықты қарқынды дамығанымен, адамға тән креативтілік, эмоционалды интеллект және сыни ойлау ешқашан өз құнын жоғалтпайды. Сондықтан мамандық таңдауда ешқандай шектеу жоқ, жас талапкер!
М.МАЙБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
