Жастық шақтың жөні бөлек. Бірі білім қуып, енді бірі кәсіп бастап, тағы бірі өнерден өз орнын іздеп жүреді. Бірінің қолында кітап, бірінің қолында спорттық құрал, енді бірінің алдында цифрлық әлемнің мүмкіндігі тұр. Қазіргі жастың болмысын бір ғана өлшемге сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан жастармен жұмыс та бір арнаға байланып қалмай, заманның ыңғайына қарай түрленіп келеді.
12 тамыз – халықаралық жастар күні қарсаңында Қызылорда қаласында өтетін «QYZYLORDA YOUTH FEST» фестивалі осы бағыттағы жұмыстардың көрінісі болмақ. Қала әкімдігінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында қалалық жастар орталығының директоры Медет Жорабек фестивальдің мазмұны мен жоспарланған іс-шаралар жөнінде баяндады.
Спикердің айтуынша, фестивальдің негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық, спорттық, интеллектуалды және цифрлық әлеуетін қолдау, қоғамдық белсенділігін арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және әр саладағы талантты жастарды анықтау.

Жастар мерекесі неден басталады?
Халықаралық жастар күніне орай өтетін мерекелік шаралар легі 11 тамыз күні қазақ жастары қозғалысының көрнекті көшбасшысы Ғани Мұратбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталады.
Одан әрі мерекелік бағдарлама жастардың бүгінгі қызығушылығы мен қабілетін қамтитын бірнеше бағытқа ойысады. Спорт, зияткерлік сайыс, фотоөнер, киберспорт, заманауи би, қоғамдық белсенділік секілді бағыттардың бір фестиваль аясында тоғысуы да тегін емес. Өйткені бүгінгі жастың талғамы сан алуан.
Фестиваль бағдарламасындағы маңызды бағыттың бірі – «QYZYLORDA SPORT FEST» болмақ. Ашық аспан астында бұқаралық көше жаттығуы ұйымдастырылып, спорттық сайыстар өткізіледі. Жастардың бос уақытын тиімді өткізу дегенде тек концерт пен ойын-сауықты түсіну жеткіліксіз. Қозғалыс, дене белсенділігі, командалық рух та жастар мәдениетінің ажырамас бөлігі. Сондықтан спорттық бағдарлама жастарды жарысқа ғана емес, белсенді өмір салтына тартудың бір жолы ретінде қарастырылмақ.
Ал интеллектуалды қабілетін сынағысы келетін жастар үшін «QYZYLORDA OPEN QUIZ» ашық аспан астындағы зияткерлік сайыс ұйымдастырылады. Сайыс бес кезеңнен тұрады. Үш адамнан құралған командалар бақ сынайды. Қатысу үшін 10 тамызға дейін алдын ала тіркелу қажет. Жүлде қоры 300 мың теңгені құрайды. Үздік нәтиже көрсеткендер қаржылай сыйлықпен қатар арнайы дипломдарға ие болады.
Мұнда бір назар аударарлық жайт бар. Жастардың интеллектуалды бәсекеге қызығушылығын арттыру үшін білімді ойын форматына енгізу қазіргі таңда тиімді тәсілдердің біріне айналып келеді. Quiz форматындағы жарыстардың көбейіп келе жатқаны да осы сұраныстың барын аңғартады.

Қызылорда – жастардың көзімен
Қызылорда туралы сөз қозғағанда оның тарихы мен мәдениеті, Сырдың табиғаты, шаһардың сәулеті қатар ойға оралады. Алайда қалаға әр буынның көзқарасы әртүрлі.
Осы ерекшелікті көрсетуді мақсат еткен «Қызылорда – жастар қаласы» фотобайқауы да фестиваль бағдарламасына енгізілген. Байқауға кәсіби фотографтар ғана емес, фото түсіруді хоббиіне айналдырған әуесқойлар да қатыса алады. Қатысушылар қаладағы көрікті орындарды, тарихи-мәдени нысандарды, сәулеттік келбетті, табиғатты, жастардың күнделікті тыныс-тіршілігін, шығармашылығы мен қоғамдық белсенділігін бейнелейтін фотожұмыстарын ұсынады.
Қазылар алқасы жұмыстарды шығармашылық идеясы мен тақырыптың ашылуына қарай бағалайды. Бұған қоса фотосуреттер арнайы көрмеде көпшілік назарына ұсынылады. Көрермендер өздеріне ұнаған туындыға дауыс беріп, «Көрермен көзайымы» номинациясының жеңімпазын анықтай алады. Байқаудың жүлде қоры – 300 мың теңге.
Фотобайқаудың тағы бір ерекшелігі қала келбетін кәсіби мамандардың ғана емес, жастардың көзімен көрсетуге мүмкіндік беруінде. Кейде бір шағын кадр тұтас қаланың көңіл күйін жеткізе алады. Жастардың Қызылордаға деген көзқарасын сурет арқылы көрсетуі де шаһардың заманауи бейнесін қалыптастыруға өзіндік үлес қоспақ.
Бүгінгі жастардың өмірін цифрлық кеңістіктен бөлек қарастыру қиын. Ойын индустриясы да уақыт өткізудің қарапайым тәсілінен киберспортқа дейін өсті. Фестиваль бағдарламасындағы «AIM CUP QYZYLORDA» киберспорт турнирі осы бағыттағы жастардың қызығушылығын ескерген.
Турнир Counter-Strike ойынының 1×1, яғни Aim форматында өткізіледі. Мұнда ойыншылар арнайы картада жеке шеберлігін, дәлдігін, реакция жылдамдығын және тактикалық шешім қабылдау қабілетін сынайды. Жарыс іріктеу кезеңдерінен басталып, финалда үздік ойыншылардың бәсекесімен аяқталады.
Киберспортқа қатысты қоғамда түрлі пікір бар. Бір тарап оны уақытты тиімсіз өткізудің түрі ретінде қабылдаса, енді бірі цифрлық дағдыларды дамытатын жаңа индустрия ретінде қарайды. Қалай болғанда да, жастардың цифрлық ортадағы қызығушылығын жоққа шығару мүмкін емес. Сондықтан маңыздысы – жастардың осы кеңістіктегі қызығушылығын мазмұнды әрі жауапты арнаға бағыттау.
Өнерге қызығатын жастар үшін фестивальдің ең жарқын алаңдарының бірі заманауи би байқауы болмақ. «QYZYLORDA YOUTH FEST» заманауи би байқауына Hip-Hop, K-pop, Street Dance және өзге де бағытта өнер көрсететін би ұжымдары қатысады. Қатысушылар сахнадағы шеберлігі мен шығармашылық ерекшелігін ортаға салады. Байқауды тәжірибелі хореографтар мен би саласының мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыс жастардың шығармашылық қабілетін шыңдауға, би мәдениетін дамытуға, тәжірибе алмасуға және жаңа таланттарды анықтауға мүмкіндік береді. Жүлде қоры 300 мың теңге.
Еңбек елеусіз қалмайды
Жастар саясаты тек мерекелік іс-шаралармен өлшенбейді. Оның маңызды бөлігі қоғамдық белсенділік танытып жүрген жастарды қолдау мен ынталандыруға келіп тіреледі. Фестиваль аясында жастар саясатының дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстарда, еріктілік қызметте, білім, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік және өзге де салада белсенділігімен танылған 10 жасқа Қызылорда қаласы әкімінің арнайы Алғыс хаты табысталады. Оларға 100 мың теңге көлемінде арнайы қаржылай сыйлық беріледі.
Мұндай марапаттың мәні тек сыйлықтың көлемімен өлшенбейді. Қоғамдық іске араласқан жастың еңбегін көпшілік алдында елеп-ескеру өзгелерге де үлгі. Бір жастың жасаған ісі екінші жастың бойына сенім ұялатып, «мен де қоғамға қажет іс жасай аламын» деген ойға жетелеуі мүмкін.

Мерекеден мән іздегенде
Жастар күні күнтізбедегі кезекті атаулы дата ретінде ғана өтіп кетпеуі керек. Өйткені жастарға арналған кез келген шараның салмағы оның қанша адам жинағанымен емес, қанша жасқа жаңа мүмкіндік бергенімен өлшенеді.
«QYZYLORDA YOUTH FEST» бағдарламасына қарасақ, ұйымдастырушылар жастардың әртүрлі қызығушылығын қамтуға тырысқанын аңғаруға болады. Бір жерде спорт бар, бір жерде білім мен логика сыналады. Бір жерде фотоөнерге жол ашылса, енді бір жерде киберспортқа мүмкіндік берілген. Сахнада би билегендер де, қоғамдық жұмысқа белсене араласқандар да назардан тыс қалмайды.
Мұның бәрі жастардың біркелкі аудитория емес екенін көрсетеді. Бірінің қабілеті спортта ашылса, екіншісі өнерден, үшіншісі зияткерлік сайыстан, төртіншісі цифрлық ортадан өзін табуы мүмкін.
Ең бастысы, жастарға мүмкіндік берілген жерде олардың бастамасын жалғастыруға жағдай да жасалуы керек. Фестиваль аяқталған соң жарысқа қатысқан жас өз саласында әрі қарай дамуға мүмкіндік тапса, шараның нәтижесі осы болмақ. Қоғамдық белсенділік те дәл осындай сабақтастықты қажет етеді.
Жастар бар жерде қозғалыс бар!
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!