Бұл туралы Қызылорда қаласының тұрғыны Азамат Абимолда өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды деп хабарлайды halyqline.kz. Ол өз жазбасында шәкірті Абдулазиз Хакимнің денсаулығына байланысты алаңдаушылық білдіріп, жауапты мекемелерден түсініктеме талап етті.
Автордың айтуынша, 21 мамыр күні 19 жастағы Абдулазиз Хаким достарымен футбол ойнап жүріп саусағын жарақаттап алған. Кейін ол кезекші медициналық мекеме ретінде Қызылорда қалалық көпбейінді ауруханасына жүгінген. Алайда арада бірнеше күн өткен соң жарақаттанған саусақтағы ауырсыну мен жайсыздық басылмаған. Осыдан кейін жас жігіт жеке медициналық орталықтарға қаралып, қосымша тексеруден өткен.
«Тексеру нәтижесінде саусақ сүйегінің дұрыс салынбағаны анықталып, шұғыл операция қажет екені айтылған», – деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы.
Жазба авторының сөзінше, мәселенің мән-жайын анықтау үшін ол облыстық денсаулық сақтау саласының жауапты тұлғаларымен байланысқан. Облыстық аурухана пациентті қабылдауға дайын екенін жеткізгенімен, баласының жағдайына алаңдаған анасы ұлын Түркістан облысына алып кеткен.
Түркістандағы дәрігерлердің алдын ала қорытындысы отбасының алаңдаушылығын одан әрі күшейткен.
«Саусақтың толық қызметін қалпына келтіру мүмкіндігі шектеулі, бүгілуі шамамен 70 пайыз деңгейінде ғана болуы ықтимал деген мәлімет айтылды», – дейді жазба авторы.
Қала тұрғыны өз жазбасында Қызылорда қалалық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нуридин Амитов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмас Әбілпаттадан ресми түсініктеме күтетінін мәлімдеп, жұмысын дұрыс істей алмаған маманға шара қолдануды талап етіп отыр.
– Ауырған соң, ауруханаға көмек сұрап барамыз. Бірақ көмек сұрағандардан көмек емес, өмір бойына қорлық көрген қиын екен?! Шыны керек, немқұрайдылық танытқан дәрігердің кесірінен отбасына үлкен шығын, баланың тән мен жанына дақ әкеліп тұр. Енді тек бәрі оңынан болсын деп отырмыз. Алайда бұл оқиғадан жауаптылар жазалануы керек. Әйтпесе тағы да өзге адамның тағдырына қауіп әкелмесіне кім кепіл?! – деп ашынысын білдірді қала тұрғыны.
Жаза кеткен жөн, аталған жағдай бойынша денсаулық сақтау мекемелері шағымға байланысты пікір білдірген жоқ.
Фото: автордың Фейсбук парақшасынан алынды.
Коллаж: halyqline.kz
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!