Танымал қазақстандық спортшы Дәулет Тұрлыхановтың ұлының үстінен адвокаттардың шағымы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Алматы қалалық ПД аталған дерек ҚР ҚК-нің 293-бабы “Бұзақылық” бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлайды. Қылмыстық іс бойынша алғашқы тергеу әрекеттері жүргізіліп, сараптамалар тағайындалды», – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаменті.

Сонымен қатар күдіктінің әскери адам екені, сол себепті іс материалдарының соттылығын анықтау үшін қалалық прокуратураға жіберілгені айтылады.

Бұған дейін Алматыда адвокаттар Анна Димитриевич пен Олег Черновқа кешкі уақытта шабуыл жасап, соққыға жығып кеткені хабарланған.

Анна Димитриевичтің айтуынша, олар белгісіз ер адамның қыз балаға қол көтеріп жатқанын көріп, көмекке ұмтылған. Сол уақытта шабуылдаушы өздеріне қарсы күш қолданған.

«Біз ойланбастан жүгіріп барып, оны тоқтатуға тырыстық. Қыздың мені қатты қысып ұстап, «Көмектесіңіз! Көмектесіңіз!» деп айқайлағаны есімде. Осы сәтте азамат бізге қарсы ұмтылды. Соққыдан Олег құлап қалды. Ол тұруға тырысып жатқанда аяғымен тебе бастады. Еркін күрестің ережесіндей оңды-солды лақтырып та жатты. Мен де оны тоқтатуға тырыстым, алайда асфальтқа басыммен құлап, есімнен танып қалдым. Есімді жиған кезде полицейлер де келген екен. Олег екеумізді кімнің ұрғанын білемін. Оның есімі Нұрасыл. Маған оның Тұрлыханов Дәулет Болатұлының ұлы екенін айтты», – дейді заңгер Анна Димитриевич.

Жәбірленуші сондай-ақ өздерінен ешкімнің кешірім сұрамағанын айтады.

«Дәулет Болатұлы – белгілі тұлға, елге сыйлы спортшы. Спортшылардың өзіндік моральдық-адамгершілік ұстанымдары бар, мен сол адамгершілікті Дәулет Болатұлы ұлының бойына сіңірді деп сенемін. Алғашында мен, әлбетте, кешірім сұрайды деп күттім, бірақ әлі күнге дейін ешкім алдымызға келген жоқ», –  деді Анна.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!