10 маусым Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары қаладағы бірқатар әлеуметтік нысандарға аралау жұмыстарын жүргізді. Жауапты мамандар «қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімі, «Мансап» орталығы мен «Ардагерлер үйінің» тыныс-тіршілігімен танысты.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін көмектің сапасын бақылау және жұмыспен қамту мәселесін зерделеу.
Аралау барысында қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, шешімін күткен түйткілді мәселелерге де тоқталды.

– Біршама жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ онымен қатар кемшіліктер де бар. Алдағы уақытта шешетін мәселелер де бар екен. Әлеуметтік осал топтар мемлекеттіен тиісті деңгейде көмек алуы керек. Оларға берілетін азық-түлік, дәрі-дәрмек және жолдама мәселесі тиісті деңгейде шешілуі тиіс. Әсіресе, жұмыссыздық мәселесі әлі де өзекті, – деді мәслихат төрағасы.
Сондай-ақ, кездесуде санаторий-курорттық емделу сапасына қатысты шағымдар айтылды. Депутаттар бұл мәселені жіті зерделеп, тұрғындардың дұрыс таңдау жасауына жағдай қарастырылу қажеттігін алға тартты.

Тағы бір маңызды мәселе – тұрмыстық қиындыққа тап болған отбасыларды уақытша орналастыратын орындардың тапшылығы. Депутаттар қиын жағдайдағы азаматтарға баспана және әлеуметтік көмек беруді қайта қарауды ұсынды.
Аралау қорытындысы бойынша, анықталған барлық кемшіліктер мен ұсыныстар арқылы жауапты мекемелерге тапсырма берілетін болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!