Цирк өнері өркениетті елдерде, батыста кеңінен дамығанмен ат құлағында ойнаған қазақ халқы үшін таңсық дүние емес. Алайда ат үстінде отырып, өнер көрсету, аңның тілін түсініп, бірлесе қойылым жа­сау көптің қолынан келе бермейді. Бү­гінгі кейіпкеріміз – аң патшасы сана­ла­тын арыстанды қол­ға үйрет­кен ал­ғаш­қы қа­зақ қызы, цирк әр­ті­сі Жанат Қал­­­ме­това.

Ол қазақстандық көрерменге партерлік сақинамен ойнау, велосипедпен өнер көрсету, от шоуымен танымал. Республикалық жарыстарда жүзден жүйрік шығып жүрген әртіс 1987 жылы Мәскеуде өткен II-ші Бүкілодақтық цирк өнері фестивалінің кіші алтын медалінің иегері атанған. Қазіргі таңда қазақ цирк өнерінің басты кейіпкері десек, артық емес.
Үш арыстанды қолға үйреткен Жанат Қалметова – Қазақстанда жыртқыш аңды қолға үйреткен алғашқы және әзірге жалғыз әйел. Шымкент цирк мекемесінде 8 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бала күнінен цирк өнеріне ынтық болған өнерпаз 18 жылға созылған ұстаздықтан кейін циркке қайта оралған.
«Цирк – менің өмірім. Бала кезімнен айналыстым. 2017 жылы цирктегі аң үйретушіге арнап арыстандар алынды. Бірақ ол кісі отбасылық жағдайына байланысты кетіп қалды. Арыстанның күшіктерін цирктегі мал дәрігеріне тапсырды. Ол кезде менің үйреткен иттерім бар еді. Соларға барып жүріп, мал дәрігерінің күшіктерді тамақтандыра алмай жүргенін көрдім. Ол кісіге қалай тамақ беру керектігін бір-екі рет көрсеттім.
Кез-келген жануарға отырып-тұру, тамақ ішуді балаға тәй-тәй бастырғандай үйретесің. Басшылықтан рұқсат алып арыстандарды қолға алдым. Үйрету үшін жұмыстан кейін олармен бірге қаламын. Арыстандардың өзге аңдар секілді сезімталдық қасиеті өте жақсы дамыған. Алдына қандай көңіл-күймен, қандай ниетте барып тұрғаныңды сезіп қояды. Оларды алдау мүмкін емес. Сондықтан бар мейірімімді салып нәресте сияқты бақтым. Осылайша, төрт ай ішінде оларды өзіме үйретіп алдым. Арыстандар өскен сайын басшылық менің қауіпсіздігім үшін алаңдады. Бірақ алаңдауға негіз жоқ екенін, арамызда толық сезім қалыптасқанын айттым. Біріншіден, мен олардың тайпасының басшысы саналатынымды, екіншіден, анасы екенімді жеткіздім. Осылайша арыстандармен сахнаға шықтық. Төрт жыл бірге өнер көрсеттік. Карантин уақытында да оларды тастаған жоқпын. Өзім ауырсам да, солардың күтімін жасап жүретінмін.
Биылғы жаңа концепцияға байланысты жануарлар зообаққа кетті. Арыстандармен қоштасу өте қиын болды. Уайымға түстім. Арасында жылап аламын. Дүниедегі ең қауіпті жыртқыш адам баласы екенін айтып, сол бөлімге тиісті адамдарға ашуланған сәттер болды. «Жануардың ішкі дүниесі, жаны бар. Мені сағынады» деп талай өкпемді айттым. Олармен көрісіп тұруым керектігін айттым. Қазір жиі барып тұрамын.
Арыстандар менен алыстаған соң бір апта бойы тамақ ішпей қалды. Күнара барып жүрдім. Менің дауысымды естісе, үшеуі тыпыршып қозғала бастайды. Жылдам жүріп, маған қарай талпынады. Оны көріп одан сайын жылап аламын. Басында мені кіргізбеді. Кейін рұқсат алып, тамағын беріп жүрдім. Қазір бұған да үйреністі», – дейді.
2015 жылы цирк аренасына алғаш ұлдарымен бірге шығып, велосипед қойылымымен көрермендерді тәнті еткен Жанат балаларымен отбасылық триоға айналып, жанкүйерлерінің сүйіктісіне айналып үлгерді. Үйінің тұңғышы Жандар Анарбеков – Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің түлегі, қазіргі уақытта матч пен семафораның үстінде жұмыс жасаудың үздігі. Ал екінші ұлы Санжар жонглермен белсенді айналысуда. Кіші қызы Перизат та цирк қабырғасында өскен. Шымкент циркінің ең жас суретшісі, жас өнерпаз. «Шабыт – 2017» шығармашыл жастар фестивалінде III – орын иемденген, «Дара бала» медалінің иегері.
– Менің орындалмаған арманыма балаларым жетіп жатыр. Балаларым бұл саланы өз еркімен таңдады. Әркім өзінің сүйген саласына баруы керек. Сонда ғана сапалы жұмыс істеп, нәтиже шығара алады. Қазір циркте ұстазбын. Шәкірттерім – өз перзенттерім. Олармен балам ретінде емес, шәкірт ретінде мақтана аламын. Себебі мен жаттығуда олардың анасы емеспін. Қаталмын. Жоғары талап қоямын, – дейді цирк әртісі.

Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!