Қызылорда облыстық Корей этномәдени бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай Достық үйінде салтанатты шара өтті. Оған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жағыпар Тажмаханов, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Азамат Мукеев, облыстық этномәдени бірлестіктің жетекшілері, белсенді мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Достық үйінің фойесінде келген қонақтарға ерекше көрме ұйымдастырылды. Онда корейлердің қазақ еліне келу тарихынан сыр шертетін көне бұйымдары, ұлттық тағамдары, салт-дәстүрі мен мәдениеті таныстырылды.

 Мерекелік шарада Жағыпар Тажмаханов сөз сөйлеп, елдегі этносаралық бірлікті нығайтудың маңыздылығын атап, өңіріміздің дамуы мен өркендеуіне ерекше үлес қосқан корей этносының өкілдері Ге Хак Рим, Виктория Югай, Илларион Ли, Елена Цой, Зинаида Ким, Гром Ли және Юрий Кимге Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық медалі мен ізгі тілекке толы Алғыс хаттарды табыстады.

«Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елена Ким бірлестіктің ынтымақ пен достықтың нәтижесінде 30 жылда жеткен жетістіктері мен игілікке толы ізгі жұмыстарына тоқталды. Орталықтың белсенді өкілдері мен оның құрылуына зор еңбегі сіңген тұлғаларға қошемет білдіріп, «Қазақстан корейлер қауымдастығының 30 жылдық» медалімен марапаттады. Сондай-ақ облыстық Ассамблея хатшылығына Корей елшісінің сыйлығын табыстады.

Мұнан соң лэд экраннан Корей Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-Соктың, республикалық корейлер қауымдастығы президенті Сергей Огайдың және «Қарағанды облыстық корейлер этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Лилия Ким және Маңғыстау облыстық «Чосон» корей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Раиса Маденова ыстық ықыласпен жолданған бейне құттықтаулары тыңдалды.

Одан бөлек, бірлестіктің ардагерлері тарапынан корей халқының тарихы, олардың елімізге қоныс аударғаны, тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері мен белгілі тұлғалары туралы естеліктер айтылып, әртүрлі жанрдағы би, ән, өлеңдер орындалды.

Айта кету керек, «Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігі 1989 жылы 28 қазанда құрылды. Бүгінгі күні елімізде 100 мыңнан астам корейлер өмір сүруде. Ал Сыр өңірінде 8 мыңға жуық корей өкілдері тату тәтті, бірлік пен ынтымақта ғұмыр кешіп келеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!