Ақтөбе облысында елді мекенде ірі қара малдан жұқпалы ауру анықталуына байланысты карантин енгізілді

Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылдық округінде мүйізді ірі қарадан анықталған инфекциялық ауруға байланысты карантин енгізілді. Округ әкімі осындай шешім қабылдады.

«Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылдық округінің әкімі мүйізді ірі қара малдан қарасан ауруы анықталуына байланысты Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылдық округінің Қарағандысай қыстағы аумағында карантин белгілеу туралы шешім қабылдады», – делінген «Ашық НҚА» порталында жарияланған құжатта.

Жоба осы жылдың 23 наурызына дейін қоғамдық талқылауда болады.

Шешім алғаш ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Эмфизематозды карбункул немесе қарасан – мүйізді ірі қарада ауыр өтетін қауіпті жұқпалы ауру. Індет қой мен ешкілерде сирек кездеседі.

Аурудың қоздырғышы – Clostridium chauvoei бактериясы. Микроб ішек-қарын немесе зақымданған тері арқылы қанға өтіп, бұлшық еттерге жайылады. Ауру белгілері бірден байқалады, дене қызуы жоғарылап, тез үлкейе бастайтын ісіктер пайда болады. Көп жағдайда ірі қара мал бұл аурудан қырылады.

sputnik.kz