Ізгілік пен жақсылыққа бастайтын V республикалық «Мейірім керуені» байқауына өтінім қабылдау басталды. Бұл шараның басты мақсаты – қайырымдылық идеяларын барынша насихаттап, белсенді азаматтардың қайырымды істерін жұртшылыққа таныту болып табылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте іскер әйелдер ассоциациясының Қызылорда облысы бойынша төрағасы Манат Алмашева хабарлады.

«Қазақ – халқы қайырымды істен ешқашан қашпаған халық. Онысын жария етуден ұялатын жүрегі мейірімге толы адамдар қаншама. Осы орайда бесінші рет ұйымдастырылып отырған республикалық «Мейірім керуені» байқауына әлеуметтік мәселелерді шешуде зор үлес қосып жүрген және қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда белсенділік танытып жүрген азаматтар қатыса алады. Бұл байқау «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы», «Бала жүрегі», «Жануарға мейірім» атты 7 номинация бойынша өтеді. Аталған жобаны ұйымдастырушылар – Нұрсұлтан Назарбаев қоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, «КТК» республикалық телеарнасы. Қазіргі таңда біздің облысымызда арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар өңіріміздегі қарапайым жомарт жандарды насихаттауға үлес қосатын болады», – деді Манат Тамабайқызы.

«Қайырымдылық – жалпы адамзаттың бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Қазақта «Қайырым жасасаң, қайырын өзің көресін» деген сөз бар. Бүгінде тұрмыс тауқыметін көріп, жылы сөз бен мейірімге мұқтаж, өзгелерден көмек күтетін азаматтар саны жылдан-жылға артып барады. Сол себепті облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі көпбалалы және жалғыз басты аналарға, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған нәзік жандыларға әрдайым көмек қолын созуға дайын. Осы ретте барша жерлестермізді жақсылық жасауға шақырамын»! – деді облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова.

Айта кетейік, «Мейірім керуені» республикалық байқауына қатысуға өтінімдер 30 желтоқсанға дейін қабылданады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!