Атырау мектептерін күзетпен қамтамасыз етуге екі жылда 88 млн теңге жұмсалды деп хабарлады  turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Атырау облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021-2022 оқу жылының басында барлық мектеп пен балабақша материалдық-техникалық қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етілген.

«Қазір облыстағы жалпы білім беретін 200 мектеп 9 109 бейнебақылау жүйесімен жабдықталып отыр. Оның ішінде 137 мектептегі бейнебақылау жүйесі полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Мамандандырылған күзет қызметі Атырау қаласындағы 17, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласының 20 мектебінде бар. Өңірдегі 158 мектепте турникет орнатылды. Мемлекет иелігіндегі 151 балабақша 5 397 бейнебақылау жүйесімен, 74 балабақша турникетпен қамтылды. Ал, 20 балабақшадағы камералар «Сергек» жүйесі арқылы жедел басқару орталығынан бақылауға алынған», – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Арнаулы орта білім беретін 17 колледж бар. Оның бәрінде 695 бейнебақылау жүйесі, 3-еуінде мамандандырылған күзет, 11-інде турникет, 4-еуінде дабыл түймесі орнатылған.

«Білім беру мекемелерін күзетпен қамтамасыз ету үшін 2021-2022 жылдары 88 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл биыл да жалғасады. Қазір 200 мектепте дабыл түймесі бар. Бөгде адамдардың оқу орнының аумағында болу тәртібі күшейтілді. Оның ішінде білім алушылардың қауіпсіздігі жөніндегі шаралар күнделікті бақылауда ұсталып отыр», – деп мәлім етті облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!