Канада АҚШ пен ЕО сияқты ел үкіметі қызметкерлеріне TikTok қосымшасын пайдалануға тыйым салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат The Wall Street Journal-ға сілтеме жасап.

Канада билігі мұндай шешім шығаруын аталған әлеуметтік желінің мемлекеттік қызметкерлер гаджеттерінің құпиялылығы мен қауіпсіздігін қорғау деңгейінің төмендігімен байланыстырып отыр.
Кейбір америкалық және еуропалық заң шығарушылар мен шенеуніктер Бейжің TikTok-ты өз пайдаланушылары туралы деректер беруге мәжбүрлеуі немесе адамдар көріп отырған бейнелерге әсер етуі мүмкін деп алаңдаушылық білдіруде.Өткен аптада Еуропалық комиссия өз қызметкерлеріне Tik Tok-ты жұмыс құрылғыларында пайдалануға тыйым салды. Еуропа өз директивасын шығарған кезде, канадалық реттеуші органдар платформаның құпиялылықты сақтауына қатысты тергеуді бастады.
АҚШ-та федералды үкімет пен көптеген штаттар мемлекеттік қызметкерлерге TikTok-ты құрылғыларына орнатуға тыйым салды.
Канаданың мемлекеттік қызмет министрі Мона Фортьенің айтуынша, ресми тұлғалар тексеруден кейін TikTok қосымшасының «құпиялылық пен қауіпсіздік үшін қолайсыз қауіптілік деңгейін білдіретінін» анықтады.
Жақында Торонто маңындағы іс-шарада Канада премьер-министрі Джастин Трюдо үкіметтің TikTok туралы шешімі кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды «өз деректерінің қауіпсіздігі туралы ойлануға және таңдау жасауға» итермелеуі мүмкін деп мәлімдеді.
Apptopia аналитикалық компаниясының мәліметтері бойынша, 2022 жылдың нәтижесіне сәйкес Tik Tok әлемдегі және АҚШ-тағы ең көп жүктелген қосымшаға айналды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!