Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау.
Ең қиын мамандық – адам болып қалу.

Хосе Хулиан Марти

Мамандық – адамның болашағы. Сол себепті мамандық таңдау әрбір адам өміріндегі аса маңызды шешім. «Жарқын болашақ – жастардың қолында» дегендей, біздің болашағымыз өз қолымызда. Сондықтан бұл таңдауда салғыртттық танытпай, өз өміріміздің алғашқы кірпіштерін дұрыс қалауымыз керек.

Бүгінде мамандықтың түрі көп. Әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар. Дәрігер адамның тәнін емдесе, мұғалім білім нәрімен сусындатады, мұнан өзге маман иелері де өмір сүру сапасын жақсартуға қызмет етеді. Ең маңыздысы, мамандықты өз қалауыңдағы арманыңмен ұштастырып таңдау. Ал бұл екінің бірінін қолынан келе бермейді. Себебі кей адамдарға бұл өмірде өз орнын табу қиындық туғызады. Тіпті көбіне бітіруші түлектің орнына ата-анасы таңдау жасайтыны белгілі.

Әрбір адам бала кезінде мен өскенде мынадай мамандық иесі боламын деп армандаған болар. Бірі дәрігер, бірі мұғалім ал енді бірі тіпті қиялдап «супермен боламын» деп бала арман жетегіне ергені рас.

Мектеп қабырғасында жүргенде өзімді әр қырымнан сынап, түрлі пәндік олимпиадаға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрдім. Сол себепті өзімнің жаныма жақын бағытты таңдауым қиынға түспеді. Жетінші сыныптап бері қарай әлем жаңалықтары, айналадағы өзгерістер қызықтыра бастады. Оны зерттей түскім келді, жан-жақты ақпарат алуды жиі ойлайтын болдым. Нәтижесінде болашақта журналист боламын деген шешімге келдім.

Дәл солай бала Ботаның алғашқы әрі нақты арманы пайда болды. Сол күннен бастап журналистика туралы барлық мәліметтерді іздестіре бастадым. Мектеп қабырғасында мәнерлеп оқудан түрлі жарысқа қатыстым. Кейін осы салаға қатты қызыққаным сонша мектебімде директордың қолдауымен «School News» атты өзімнің алғашқы блогымды жүргіздім. Сондай-ақ, пікірсайыс турнирлеріне қатысып, тіл байлығымды дамыту үшін жан-жақты ізденетінмін. Әйтсе де кейде қолымнан келмей «бұл менікі емес-ау» деп, қол сілтей салған сәттерім де болды. Сондай қиын кезеңдерде отбасымның қолдауының арқасында шағын болса да бастаған ісімді соңына дейін жеткізуге күш пайда болады.

Журналист атану өмірлік мақсатыма айналып, 2023-2024 жыл аралығында «Qadaz Media» онлайн медиа-мектебінде оқып, журналистика саласына қадам бастым. Ал қазір Алланың қалауымен 11-сыныпты ойдағыдай тәмамдап, үлкен өмір жолына аттанғалы отырмын. Өзгелерге қарағанда аса ерекше қабілетім болмаса да, менде нақты арман және мақсат бар. Сол себепті ақпарат саласында аянбай еңбек етеріме нық сенімдімін.

Ботагөз ИНАБАТОВА,
№187 IT мектеп-лицейінің бітіруші түлегі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!