Әрбір жанның жүрегінде мәңгі қалатын, сағынышпен еске алатын кезең болады. Мен атамның өмірінен ешқашан ұмытылмайтын, сан жылдың сағынышына айналған тарихи әңгіменің тыңдарманы болдым.
Бірде жазғы демалыс кезінде ауылға барғанымда атамның әлдебір нәрсеге алаңдап, мұңайып отырғанын көріп, жанына барып әңгімеге тарттым. Атамның көңілінің түсу себебі, өз әкесін еске алуы екен. Менің жанына барғанымды күткендей атам әкесі жайлы әңгімені тереңнен бастап кетті. Ол соғысқа аттанып, ауылға қайтпаған әкесі жайлы тарихи әңгіме еді.
Қаншама уақыт өтсе де, атамның көзіне қарап, бір мұңды көремін. Ол өз әкесін ес білгелі көрген емес. Атам бір жастан енді ғана асқанда оның әкесі Отанын қорғау үшін сұрапыл соғысқа аттанса керек. Есіне алып, қарап отырар жансыз бейнесі де жоқтың қасы. Атам үшін әкесінің бейнесі – ес біле бастағанда ауыл ақсақалдарынан естіген әңгімелері мен майданға бірге аттанған Дүйсен әкесінің (әкесінің бірге туған бауыры) айтқан естелігі. Ол әкесінің дауысын естігісі келеді, оның кең құшағына тығылғысы келеді. Бірақ соғыс сол бір жылы құшақ пен балалық бақытты тартып алды.
Әр шаңырақтың өз мақтанышы, өз батыры болады. Біздің әулет үшін Отан үшін жанын пида еткен атам – Жансейіт Оразхожаев. Оның есімі бүгінде «Боздақтар» кітабына енген, бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Жансейіт атам 1903 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Ленин ауылдық кеңесінде туған екен. Бастауыш білімі болған колхозшы болса керек. Атам жайында Отан қорғау жолында құрбан болған жандарға арналған «Боздақтар» кітабының 146-бетінде: «Жансейіт Оразхожаев Сырдария АӘК арқылы 1941 жылы әскерге алынып, 1428-ДПС, 49-Б құрамында соғысқа қатысқан. 1943 жылы 13 қаңтарда қаза тапқан. Ленинград облысы, Мга ауданы, Гонтовая Липка ауылының оңтүстік-шығыс жағынан 300 м-дей қашықтықтағы бауырластар зиратында жерленген» деген нақты мәлімет бар.
1941 жылдың қатал күзінде майданға аттанған атам небәрі 38 жаста болған. Қатардағы жауынгер ретінде сұрапыл соғыстың ең ауыр нүктесі Ленинградты қорғауға қатысып, ерлік көрсеткен. 1943 жылдың қанды шайқастарының бірінде атам ерлікпен қаза тауып, жат жердегі бауырластар зиратына жерленді. Сырдың бойынан аттанған азаматтың топырағы алыс қиырдан бұйырды. Атамның аты өшпейді, өйткені ол біздің еркін өміріміз үшін жанын қиды. Менің атам – бауырластар зиратында жатса да, біздің жүрегімізде мәңгі тірі майдангер.
Майдангер атамның артында қалған жалғыз тұяғы, менің атам – Иман Жансейітов. Сөз басында әкесі есіне түсіп, мұңаятын атам – осы кісі. Иман атам өз әкесін көрген емес, анасы Дүйсенкүлдің етегінде жүріп, тағдырдың талай қияметін көрген екен. Әке мейірімінен ерте айырылған ұлын шеше байғұс қайткенде де тағдырға мойымауға, аяққа тік тұруға үйреткен. Анасымен бірге жүріп ерте есейген атам шаруашылыққа икемді болған. Еңбекқор анасының арқасында өсіп-жетіліп, нағыз еңбектің отын жаға білген. Әкесі сұрапыл соғыста қатардағы жауынгер болып, ерлік көрсетсе, атам еңбек майданында шыныққан.
Бүгінде Иман атам баба шаңырағының отын өшірмей, өнегелі әулетке айналған. Жасы 80-нен асса да, ауылға сыйлы, ел таныған ардагер қария. Сырдария ауданы, Амангелді ауылының (бұрынғы Ленин колхозы) «Мерейлі отбасы – 2025» байқауының жеңімпазы, Қызылорда облы- сы бойынша «Өнегелі отбасы» атағын иеленген. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш.
Майдангер атамның ерлігі мен әкемнің өнегелі жолы – мен үшін өмірлік бағдар. Біз үлкен атам оралмаған соғыстың қасіретін еш уақытта ұмытпаймыз және оның бейбіт күн сыйлаған ерлігіне мәңгілік тағзым етеміз.
Насихат ИМАН,
Тәкей Есетов атындағы
№264 мектеп-лицейдің оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!