Жақында мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің әулетіне тиесілі ХХ ғасырдың басында жасалған сырлы сандықпен таныстық. Бұл қасиетті жәдігер кешеге дейін Темірбек Жүргеновтің ағайын-туысы – Тұңғышбаевтар отбасында сақталса, қазір Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр.
Сандықтың қос қапталындағы нәзік әрі күрделі ою-өрнектер қолмен ойылған, ал қошқар мүйіз, үш гүл, өткізбе, ағаш және шимай оюлар көркем композиция құрап тұр.

Халықаралық музейлер күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Міне, дәл осы кеште сырлы сандық секілді қазақы тұрмыстың айнасына айналған, қазақ даласындағы қонақжайлылық мәдениетін сипаттайтын самаурындар коллекциясы, «Сыр шеберлері» көрме-жәрмеңкесінде қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы бұйымдары және «Дала рухы» этноауылымен таныстық. Зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, суретшілер мен қолөнер шеберлері, жастар, студенттер, оқушылар, қала тұрғындары мен қонақтар қатысты. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет музей қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатар маман марапатталды.
Сахна төріне көтерілгендердің қатарында тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Жанат Ахметова да бар. Ол өмірінің шамамен 40 жылын музей саласына арнаған білікті маман. Азды-көп сұхбат барысында әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, көне жәдігерді көздің қарашығындай сақтайтын, өткен мен бүгінді байланыстыратын музейді қарашаңыраққа теңеп, осы салада еңбек ететініне мақтанатынын айтты.

Салтанатты жиын барысында күмбірлеген күй мен ұлттық әуен ойналды, балаларға арналған аквагрим алаңы мен шығармашылық сабақ, саз балшықтан бұйым жасау шеберлік сағаты өтіп, «Жұлдыздарға саяхат» жобасы аясында телескоп арқылы аспан әлемін тамашалау ұйымдастырылды, сонымен қатар ұлттық ойындар алаңында асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту секілді дәстүрлі ойындар ойнатылып, келушілер белсенділік танытты. Арнайы жасақталған заманауи фотозона да жастар үшін қызық болды. Ал түнгі уақытта «Тарихтың түнгі тынысы» атты ерекше экскурсия ұйымдастырылып, қонақтар тарихи жәдігерлермен жақын танысты.
– Музей − өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Бұл жерде халқымыздың тарихынан, бабаларымыздың тағдырлы жолынан сыр шертетін баға жетпес құнды жәдігерлер сақталған. Әрбір экспонат – тұтас бір дәуірдің үнсіз куәсі, ұлт жадын жаңғыртатын рухани мұра. Сондықтан музей тек тарихи орын ғана емес, жас ұрпақтың танымын кеңейтетін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды мәдени орталық.
«Музей түні − 2026» іс-шарасы дәстүрлі мәдени жобаға айналды. Жыл сайын бұл кешке қызығушылық танытатын адамдардың саны артып келеді. Биыл да халықаралық музейлер күніне орай арнайы апталық жоспар бекітіліп, соның аясында «Музейдегі бір күн», «Музейге сый» акциялары, жас өлкетанушылар байқауы, музей мамандары мен ғалымдарының қатысуымен семинарлар мен танымдық кездесулер өтті. Бұл бастамалардың барлығы халықтың музейге деген қызығушылығын арттырып, тарихи мұраға құрметті қалыптастыруға бағытталған. Мерекелік күн мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Мәдениет министрі, тарихшы-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Ұлт рухын ұлықтаған тұлға» атты көрменің ашылуымен басталды. Көрмеде қайраткердің ел мәдениетін дамытудағы өлшеусіз еңбегі мен тарихи мұраны сақтау жолындағы қызметі кеңінен таныстырылды, − деді музей басшысы Нұрмат Абдуллаұлы.

Қонақтардың қатарында жастардың көп екенін байқадық. Мұны экскурсиялық-көпшілік бөлімінің меңгерушісі Эльзира Нағашыбайқызы да ерекше атап өтті. Маманның айтуынша, музейге қызығатын жастардың саны жылдан жылға артып келеді.
Мәдени кеш барысында ұйымдастырылған көрмеге қайта тоқталсақ, самаурындар коллекциясындағы құнды жәдігердің бірі – жез самаурын. Бұл экспонатты музейдің бас қор сақтаушысы Кенжегүл Ибрагимқызы таныстырды.
– Бұл жәдігер музейдің «Жас өлкетанушы – 2022» музейлік ғылыми-білім беру жобасы аясында музей қорына табысталған. Жез самаурынды ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресейдің Тула қаласының шебер ұсталары жасаған. Қазақ халқы үшін самаурын тек тұрмыстық бұйым ғана емес, шай ішу мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған ерекше зат болған. Қазақ дастарқанындағы ыстық шай мен самаурынның орны айрықша бағаланған, – деді Кенжегүл Ибрагимқызы.
Сол кезеңдерде жез самаурын аса қымбат бұйым саналған. Мәселен қазақ даласында бір сиырдың құны шамамен 1 рубль болса, жез самаурынның бағасы 25 рубльге дейін жеткен. Сондықтан мұндай бұйымды көбіне ауқатты, зиялы қауым өкілдері ғана сатып ала алған.
«Музей түні – 2026» осылай өтті. Музейге келіңіз, тарихпен танысыңыз, ерекше экспонатты көзбен көріңіз, оқырман!
А.ЖАНӘБІЛ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!