Мектеп президенті жайлы естіген боларсыз. Бұл – мектептегі ерекше рөлдердің бірі. Себебі бұл қызмет тек іс-шараларға қатысумен шектелмейді. Ол жоспар құру, ұйымдастыру, түрлі топпен жұмыс істеу және жауапкершілік алуды талап етеді. Яғни мектептегі өзін-өзі басқару жүйесі − оқушылардың белсенділігін арттырудағы маңызды құралдың бірі.
Мұндай рөлді, яғни көшбасшылықты атақ ретінде емес, үлкен тәжірибе ретінде қарастыру қажет. Ол оқушыны жауапкершілікке үйретіп, қоғамға белсенді тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Кез келген мектепішілік іс-шара бірнеше кезеңнен тұрады: идея ұсыну, дайындық жүргізу және іске асыру. Осындай процесс барысында оқушылар тәжірибе жинайды. Олар уақытты жоспарлау, командамен жұмыс істеу және шешім қабылдау дағдыларын дамытады. Бұл қабілеттер тек мектепөмірінде ғана емес, болашақта да маңызды рөл атқарады.
Оқушылардың белсенділігі жайлы сөз қозғағанда, замандастарымның пікірін білуді жөн көрдік. Себебі бірі қоғамдық іске жиі қатысса, енді бірі тек оқу процесімен шектеледі.
11-сынып оқушысы Айдос мектептегі іс-шараларға қатысу туралы былай дейді: «Белсенділік тек бос уақыт емес, ол жауапкершілікке үйретеді. Алғашында қиын болды, бірақ кейін командамен жұмыс істеуді үйрендім».
Ал 10-сынып оқушысы Аружан керісінше, оқу мен қосымша жұмыстарды қатар алып жүру оңай емес екенін айтады:
«Кейде уақыт жетпейді. Сондықтан мен тек маңызды іс-шараларға ғана қатысамын».
Мұғалімдердің пікірінше, оқушылардың белсенділігі олардың жеке дамуына тікелей әсер етеді. Дегенмен әр оқушының өз таңдауы мен жүктемесі ескерілуі тиіс.
Жалпы алғанда, мектептегі белсенділік − міндет емес, мүмкіндік. Оны қалай пайдалану әр оқушының жеке шешіміне байланысты.
УАҚЫТТЫ БАҚЫЛАУ – ӨЗ ҚОЛЫҢДА
Балабақша жасындағы бала, оқушы, студент пен жас маман болсын, барлығы әлеуметтік желіні есепсіз қолданады. Ақпаратқа қолжетімділік жеңілдегенімен, өкінішке қарай, уақытты тиімді пайдалану мәселесі алдыңғы қатарға ығысты. Көптеген зерттеуде жастардың басым бөлігі бірнеше сағатын әлеуметтік платформаларда өткізетіні көрсетілген. Бұл жағдай ақпарат алу мүмкіндігін кеңейтсе де, уақыттың тиімсіз жұмсалуына әкелуі мүмкін.
Мәселенің негізгі себебі әлеуметтік желінің өзі емес, оны қолдану тәртібінің болмауында. Шексіз контент адамның уақытты бақылауын әлсіретеді және негізгі міндеттерге көңіл бөлуді қиындатады.
Мамандар уақытты жоспарлау және цифрлық гигиена дағдыларын қалыптастыруды ұсынады. Бұл тәсіл оқу процесінің тиімділігін арттыруға және жеке дамуға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желі − құрал. Оны тиімді пайдалану немесе уақытты жоғалту − әр адамның жеке таңдауы мен жауапкершілігі.
Мерей ШАЙЗАДА,
№293 мектебінің 11-сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!